«Баламның өмірін 20 миллион теңгеге бағалаймын»-ата-ана

  • AstanaTV
  • 03 сәуір 2026

«Баламның өмірін 20 миллион теңгеге бағалаймын»: Алматыда балаларды түзету орталығында "бір сәтке қараусыз қалдырдыңдар" деген ата-ана директорға қысым көрсеткен. Кешірім үшін ақша сұрап, оны өз еркіммен бердім деп күштеп айтқызған көрінеді. Толығырақ тілшіміз Айгерім Есенкелді тарқатады.

Оқиға былтыр күзде болған. Балаларды ата-аналарына шығарып жатқан сәтте топтың ішінен бірі сыртқа қарай жүгіре жөнеліпті.  Ал ол бүлдіршін  дамуында ерекшелігі бар «жоқ», «болмайды», «күте тұр» дегенді түсінбейді дейді. Артынан тәрбиеші дереу шығып, баланы ата-анасына табыстаған. Алайда ертесіне әкесі қайта келіп, директордың жағасына жармасып, жанжал шығарыпты.

ГҮЛЖАН ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА, БАЛАЛАРДЫ ТҮЗЕТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Анасымен сол күні сөйлескенімде бәрі жақсы, баламның қандай екенін білем деген. Ал 18 қыркүйек баланың әкесі келіп менен 20 млн 10 күн ішінде өткізесің деп талап етті. «Мен арыз жаздым, ақшаны бермейінше қайтып алмаймын» деді. Келісімге келейік десем, блогерлерді шақыртып, сайттарға шығарамын деп қоймады. Бірнеше күн үздіксіз жазып, қысым көрсетіп жүрді. Сені жазасыз қалдырмаймын деп, видеоға түсіріп, жариялап жіберді.

Кейін полиция қызметкерлері жасырын бақылау ұйымдастырып, жалған ақша дайындаған. Ақшаны беру сәтінде күдікті ұсталды. Тергеу нәтижесі оның дауыстық жазбаларында қорқыту және ақша талап ету болғанын растады. Алайда іс бопсалау бойынша емес, жеке деректерді таратты деген айыппен қаралып жатыр. Бопсалау бабын ысырып қойып, бізге басқа шағыммен арыз жазғызбақ болды, ондай жағдайда күдіктінің жазасы жеңілдеуі мүмкін дейді құқық қорғаушы.

ӘЙГЕРІМ ЖОМАРТҚЫЗЫ. АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ АДВОКАТТАР АЛҚАСЫНЫҢ АДВОКАТЫ:

Жаңа қылмыстық іс оны жазадан құтқару үшін әдейі қозғалған. Өте ірі мөлшердегі бопсалау талабы бұл 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастыратын бап. Біз арыз жазбаған соң, олар өздері 147-баптың 3-бөлігі бойынша іс қозғады. Бұл соттың істі толықтыру үшін прокуратураға қайта қайтаруына себеп болды. Сөйтіп, біз қазір қайтадан тергеу сатысында тұрмыз.

Бүгінде күдікті ешқайда кетпеу туралы қолхат негізінде бостандықта жүр. Ал орталық өкілдері оның өздерін аңдып жүр деп, сезіктенеді. Тіпті адвокаттың ғимараты маңынан да бірнеше рет байқаған, алайда мұны дәлелдей алмай отыр.

САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, ҚАЛАЛЫҚ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:

Бұл дерек бойынша Түркісіб аудандық полиция басқармасымен тергеу жұмыстары жүргізілді. Бопсалау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаймыз. Қазіргі таңда іс материалдары сотқа жөнелтілді яғни өндіріс аяқталды деген сөз. Соттың шешіміне орай үкім шығатын болады.

Гүлжан Құдайбергенова бұл орталықты ата-аналардың өзінің сұрауымен ашқан. Бірақ мұндай жағдайға тап болам деп ойламадым дейді. Қазір күнде үрей үстінде, балалар мен өз қауіпсіздігіне алаңдаулы.