Оралдық ерлі-зайыпты үйінің реттік нөмірін өзгертіп баспанасыз қалды

Оралдық ерлі-зайыпты айдың күннің аманында үйінен айрылып қалды. Көшесін заман талабына сәйкестендіріп, баспанасының реттік тәртібін жаңадан нөмірлеу науқанынан кейін олардың үйі көршісіне ауысып кетіпті. Ойламаған жерден далада қалған тұрғындар енді кімнен көмек сұрарын білмей жүр.

Үйінің реттік нөмірін өзгертпек болған Светлана Чумакованың өмірі де күрт өзгерді. Қағаздағы қатеден қазір баспанасы бұрынғы көршісінің атына ауып кеткен. Ал ол үйдің заңды иесі ретінде баспананы сатып жіберуі де мүмкін. Осыны уайымдаған ерлі-зайыпты бір айдан бері құжат құшақтап, жауапты орындардың табалдырығын тоздырып жүр.

СВЕТЛАНА ЧУМАКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Үйіміздің басқаға ауысып кеткенін кездейсоқ білдік. Әуелі қоқыс төгу қызметіне көп ақша қарыз екеніміз туралы түбіртек келді. Тексерсек, үйімізге 8 адам тіркеліпті. Бірақ мұнда төрт адам тұрамыз. Содан осыны растайтын анықтама алу үшін әкімдікке бардым. Сөйтіп қоқыс үшін дауласып жүргенде үйіміздің иесі басқа адамдар екенін бір білдік.

Бір қызығы, үйдің қазіргі иесі қағаздағы қателікті түзеуге келіспей, түрлі сылтаумен бас тартыпты. Ал бұлар барған жауапты органдар прокуратура мен полицияға шағымдануға кеңес берген.

ВЛАДИМИР ФИЛИМОНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Қателіктің кесірі балаларыма да тиді: олар қазір бұл үйде тіркелмеген. Осының кесірінен қызыма жеке басын куәландыратын құжатты ала алмай отырмыз. Енді қайда барарымызды білмейміз. Бәрі бізге көмектесуден бас тартты.

Ауыл әкімі бұл жағдайдан хабардар. Бірақ шенеуніктердің қателігін тұрғындар өзі түзетуі тиіс.

МЕЙІРБЕК СҰЛТАНОВ, ПОДСТЕПНЫЙ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Көшелер өзгергенде адрестер өзгерді ғой. Сол себепті адрестік регистр алуы керек. Ол үшін ЦОН әлде ЭЦҚ арқылы әр үйдің қожайыны сәулет бөліміне барып, құжаттарын тапсырады. Сәулет бөлімі адресін береді. Сол арқылы адрестік регистр алады.

Әкімнің айтуынша, мұндай жағдай көше нөмірін өзгерткенде кездеседі екен. Ал құжаты қате екенін тұрғындар үйін сатарда біліп, сарсаңғіп, сарсаңға түседі. Сондықтан үйдегі қожайын кім екенін біліп жүрген жөн.