Енді пәтерін жалға берушілер үйден қуып шыға алмайды

«Енді ешкімді далаға қуып шыға алмайды». Әлеуметтік желіде желдей ескен бұл хабар талай пәтер иесінің мазасын қашырды.  «Сот шешімінсіз үйден шығаруға болмайды» деген талаптың астарында не жатыр? Пәтер иелері неге жаппай депозит құнын өсіруде? Назерке Алтынбек тарқатады.

"Ақшаңды кешіктірдің бе, затыңды жина да, босат". Осы уақытқа дейін жалдамалы пәтер нарығындағы темірдей тәртіп осы болатын. Қала тұрғыны Диана Мусина осылай дейді. Елордаға көшіп келгеніне көп болмаған ол, бұған дейін үлкен қалада тұрақты жалдамалы үй табудың қиын екенін жиі естіген. Тіпті, ақшасы сәл кешіккені үшін бала-шағасымен көшеде қалған таныстары да аз емес. Сол үшін алдын ала үйдің депозитін төлеп, арнайы 6 айлық келісім шартпен жаңа қонысқа орналасқанын айтады.

ДИАНА МУСИНА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Қыс ішінде де, мысалы дала суық болса, қайда барады? Басқа пәтерді таппай. Негізі дұрыс деп ойлаймын. Договор осындайда жақсы деп ойлаймын. Сенімді боласың.

Алайда, сот шешімінсіз шығаруға болмайды дегенді кей пысықайлар «тегін тұруға болады» деп түсініп алған көрінеді. Ал Жоғарғы сот бұл норма ең алдымен негізсіз қудалаудан қорғайтынын айтады

АСЛАМБЕК МЕРҒАЛИЕВ, ЖОҒАРҒЫ СОТ ТӨРАҒАСЫ:

Жаңа норма жылжымайтын мүлік иелерінің құқығын абсолютті басымдыққа қояды. Бұл азаматтарды негізсіз шығарудан қорғауды Конституция деңгейінде қамтамасыз ету үшін енгізілді. Бұл - заңсыздыққа жол бермеудің кепілі.

НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:

Өткен жылғы статистика бойынша, үйден шығару дауларының 90 пайызында пәтер иесі жеңіп шыққан. Ал "тегін тұрудың" бағасы сіз ойлағаннан әлдеқайда қымбат. Мысалы, іс сотқа жетсе, жалға алушыға негізгі қарыздан бөлек, 1 процент  мемлекеттік баж салығын, тағы 10 процент  заңгердің қызмет ақысын төлейді. Бұған қоса, сот орындаушысының шығындары тағы бар. Нәтижесінде, "қулық" қалтаңызды қағып, екі айлық пәтер ақысынан да асып түсуі мүмкін.

Мамандар тағы бір қауіпті ескертеді. Пәтер иелері енді тәуекелді азайту үшін алдын ала 2-3 айлық депозит талап ете бастаған. Бұл нарықтағы бағаның жанама өсуіне әкеп соқтыруда. Сондықтан заңгерлер кез келген мәмілені қағазға түсіруге кеңес береді.

НҰРСҰЛТАН ОРЫНАЛЫҰЛЫ, ЗАҢГЕР:

Соттың қарастырылу мерзімі екі ай. Соған екі айға алдын ала депозит алу қадамдарына баруы мүмкін. Әрине, бқл заң аясында рұқсат етілген дүние. Бірақ бұл сәйкесінше нарыққа қатты ауырлық туғызбауы керек қарапайым азаматтарға.

Заңның басты мақсаты - күштінің күні туып, біреуді көшеге лақтыру емес, мәселені өркениетті жолмен шешу. Сот кімнің заңды иесі екенін, кімнің міндетін атқармағанын таразылап береді. Ал ең дұрысы дауды сотқа жеткізбей, өзара түсінісу.