Трамп не болса соны оттай бермесін. Маңызды шаруа болса, айтсын, қылжақтағаны ешкімге қызық емес. Әйелінен таяқ жеді, - деген Трамптың мазағы әбден қитығына тисе керек, Макрон да ашуланды. Ал, Иранның қорғаныс министрлігі АҚШ пен Израильді ашық мазақ етуге көшті. Өлсеңдер де, біздің қоймаларға кіре алмайсыңдар, - дейді. Ал, НАСА-ның Артемида миссиясы айға сапарын сәтті бастады. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.
Макрон Трампқа ренжіп қалды. Ашуын жасыра алмай, жарияға жар салды. Күні кеше Трамп өзінің халыққа жолдауында, Макрон Иранға қарсы соғыста көмектеспеді, - деп ренішін жеткізген. Құр ренжімей: «Әйелінен таяқ жеді», - деп, Франция Президентінің қалай соққы алғанын да суреттеп берді.
ЭММАНУЭЛЬ МАКРОН, ФРАНЦИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біз, бірінші кезекте, соғыста өліп жатқан ерлер мен әйелдер және балалар туралы ойлап жатырмыз. Трамптың айтқан сөздері не саясатқа, не адамгершілікке қатысы жоқ. Сондықтан, не болса соны айту – Президенттің абыройына сын. Сондықтан, енді АҚШ Президенті хабарласса, тек шұғыл әрі маңызды мәселелер бойынша дипломатия тілімен сөйлесемін.
АҚШ пен Израиль бізге дым істей алмайды. Бүкіл әлемге мақтан емес, мазақ болды. Иран ресми өкілдері осылай, - деп ашық мазаққа көшті.
ИБРАГИМ ЗОЛЬФАГАРИ, ИРАН ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Бір Жаратушының күшімен біз сионистік режим мен Эпштейннің қолшоқпарларын бүкіл әлемге мазақ етіп жатырмыз. Біздің зымыран жасау әлеуетімізді жоқ қыламыз, - деп қояды. Осы уақытқа дейін қай жерден зымыран жіберетінімізді сол күйі білмей кетті. Жер асты қоймаларымызға да жете алмайды.
54 жылда алғаш рет Айға адам ұшты. Артемида миссиясы сәтті басталды. АҚШ ғарыш агенттігі 4 адамды жер серігіне жіберіп, айналып өтпек. Астронавттардың айтуынша, жағдайлары жақсы, бірден ғылыми жұмыстарға кірісіп кеткен. Айта кетейік, экипаж құрамында 3 америкалық және бір канадалық ғарышкер бар.
РИД ВИСМАН, ҒАРЫШКЕР:
Біз қандай ерлік жасағанымызды енді ғана түсініп отырмыз. Себебі, жер бетінен 250 000 миль қашықтыққа ұштық. Енді осы төртеуіміз бір-бірімізге ғана сене аламыз. Тарихи оқиғаны бастан өткізіп жатырмыз деуге толық негіз бар. Өйткені адам аяғы 72-і жылдан бері Айды баспаған.
Трамп жақтастарын құртып жатыр. Бас Прокурор Пэм Бондиді кенеттен жұмыстан шығарып жіберді. Оның жақын досы, Қорғаныс Министрі Пит Хегсет, Бас штабь бастығын орнынан алды. Генерал Ренди Джорджты не себепті отставкғаға кетуге мәжбүрлегені туралы әзірге ақпарат жоқ.