Астана су қоймасындағы ахуал: жазда су тапшылығы болуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 03 сәуір 2026

Биыл жазда Астанада су тапшылығы болуы мүмкін. Қала ішіндегі арналарға су жетпеуі салдарынан айдындар тартылып, қалада жағымсыз иістің шығу қаупі жоғары. Бұл мәселе «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының депутаттарында алаңдатып отыр. Халық қалаулылары қорғаныс гидротехникалық құрылыстарының жұмысына мониторинг жүргізді. Жұмыс барысында ескі арналардың табанын лайдан тазарту мен су бөгеттерінің дайындығы пысықталды. Депутаттар жауапты мамандарға жазғы аптапта тапшылық көрмеу үшін су қорын барынша үнемдеп жинаудың стратегиялық маңызы зор екенін ескертті. 

Соңғы уақытта бас қаланың күре тамырына айналған су  жолдарына нәр емес, тұнба толып, түбін шөп басты. Бұл  сыртқы көрініске нұқсан келтіріп қана қоймай, жазғы аптапта қолқаны қабатын иіс пен экологиялық дағдарысқа әкеледі дейді мамандар. Күрделі түйткілді шешіп, су жүйесін ретке келтіруді тезірек қолға алу керек.

ҚАНАТ ЕСТЕК, ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Көп жылдан бері тазартылмаған және былай айтқанда ИЛ деп айтамыз. Оның астында құм болып қалған, көк шөп болып қалған. Кейбір жерлер бар рұқсат керек ол жерге, ол жерге әріптестермен сөйлесіп, барлық осыған жауапты мекемелерді шақырып, министрлікпен қалай келісеміз деген сияқты жоспарларымыз бар.

Астана су қоймасында былтыр 55 жылдан кейін алғаш рет тазарту жұмыстары басталды. Игі бастама Президент тапсырмасы бойынша қолға алынған. Тазалау жұмыстары 13 жыл қатарынан жүргізіледі деп жоспарланған.  Нәтижесінде Астана су қоймасының сыйымдылығы 47 млн текше метрге артпақ. 

ТАЛҒАТ ИБРАЕВ, "ЕСІЛ" БАССЕЙНДІК СУ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Астана су қоймасының бүгінгі су көлемі 396 млн су болды. Судың түсуі 368 куб, тасталуы 50 куб. Ол жерде қазір 14 млнға жуық запас орын бар. Оны толық көлемі 410, 410 млн су жинауымыз керек.

Астананың айдыны таза, арнасы ашық болса, шаһардың тынысы да кеңеймек. Себебі, табиғатпен тіл табысқан халық қана шөлден тарықпай, тасқыннан қорықпай өмір сүрмек.