Қостанайда қаржыны реттеу жоспары бекітілді

  • AstanaTV
  • 03 сәуір 2026

Қостанай облысында жоғарғы аудит палатасы өңірдегі қаржылық бұзушылықтарды анықтады. Тиімсіз жоспарлау салдарынан бюджетке миллиардтаған теңге шығын келген. Облыс әкімдігінде кеңейтілген кеңес өтіп, шаралардың нақты жоспары бекітілді.

4 жылда Қостанай облысының бюджеті 75%-ға өскенімен, өңір әлі де республикалық орталыққа тәуелді болып отыр. Аудиторлық тексеріс нәтижесінде бұзушылықтар анықталды. Бұл бюджетті атқару барысындағы елеулі қаржылық кемшіліктер мен жоспарлаудағы сәйкессіздіктерді айқындап берді.

АЛМА ЖҮСІПОВА, ОБЛЫСТЫҚ ҚАРЖЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Анықталған кемшіліктердің басым бөлігі немесе 88 пайызы ауыл шаруашылығы саласына тиесілі. Бұл шаруалардың субсидия алу үшін «күту парағында» жатқан 45 миллиард теңгелік өтінімдері. Аудиторлардың негізгі ескертуі бұл қаржының бухгалтерлік есепте және кредиторлық берешек тізімінде көрсетілмеуіне байланысты.

Кейбір жобалар облыстық қаражат есебінен мерзімінен бұрын іске асырылған. Лисаков қаласында төрт мың тұрғын таза суға қол жеткізсе, Қостанайдағы Қонай шағын ауданына баратын жолдар мерзімінен бұрын жөнделген. Сондай-ақ жаңа құрылыс орындарына газ бен инженерлік желілер тартылып, әлеуметтік маңызды жобалар республикалық трансфертті күтпестен іске қосылған.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:

Біз жобаларды жедел іске асыру мақсатында облыстық бюджет қаражатын бағыттап отырмыз. Бұл, ең алдымен, сумен жабдықтау, жылу жүйесі және басқа да әлеуметтік маңызы бар салалар. Егер біз республикалық бюджеттен бөлінетін қаржыны күтіп отыратын болсақ, тұтас бір жылды жоғалтып алуымыз мүмкін.

Қазірдің өзінде бюджетке 4 жарым миллиард теңгеден астам қаражат қайтарылды. Өңір басшылығы бұл жұмыс аудит басталмай тұрып қолға алынғанын алға тартуда. Әкімдік әрбір ескерту бойынша нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеген. Билік өкілдері анықталған олқылықтарды жүйелі түрде жойып, бюджеттік жоспарлауды ретке келтіруге уәде беріп отыр.