Семей қаласының тұрғыны балалар ойын-сауық орталығындағы өрт кезінде адамдардың қаза болғаны туралы жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікке тартылды.
2026 жылғы 3 наурызда Семейдегі Balapark балалар ойын-сауық орталығында ірі өрт шыққан болатын. Арнайы қызметтердің жедел әрекетінің арқасында тілсіз жаудан ешкім қаза тапқан жоқ. Алайда қала тұрғыны Instagram әлеуметтік желісіндегі танымал пабликтердің бірінде «өрттен 18 адам мерт болды» деген шындыққа жанаспайтын ақпарат жариялаған.
«Мұндай жалған мәліметтерді тарату халық арасында негізсіз үрей туғызып, қоғамдық тәртіптің бұзылуына әкеп соғуы мүмкін еді», — деп атап өтті Абай облысының прокуратурасы.
Құқық қорғау органдары жалған ақпарат таратқан әйелдің тұлғасын дереу анықтап, оған қатысты әкімшілік іс қозғады. Сот отырысында ол өз кінәсін толық мойындады.
2026 жылғы 18 наурыздағы сот қаулысымен кінәлі тұлға ӘҚБтК-нің 456-2-бабы 3-бөлігі бойынша жауапқа тартылды. Оған 86 500 теңге көлемінде айыппұл салынды.