Әр секунд маңызды болды: ШҚО-да полицейлер инсульт алған азаматты шұғыл ауруханаға жеткізді

Polisia.kz

Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жол үстінде денсаулығы күрт нашарлап, инсульт белгілері байқалған ер адамға жедел көмек көрсетті.

Өскемен – Риддер тасжолының 90-шақырымында қызмет атқару кезінде патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Азамат Олегұлы мен Шаяхметов Әлішер жол жиегіне тоқтаған автокөлікті байқаған. Көлік жүргізушісі салонда 38 жастағы азаматтың жағдайы нашарлағанын айтып, полицейлерден көмек сұраған. Тәртіп сақшылары науқасты дереу қалаға дейін ертіп бару туралы шешім қабылдаған. Алайда жол жүру барысында науқас отырған көлік бұзылып, істен шығып қалған. Полицейлер бұл туралы ақпаратты дереу жақын маңдағы келесі нарядқа — құрамында Асылбек Базылбеков пен Әлішер Ачилов бар ПА-466 экипажына хабарлады.

Оқиға орнына жеткен екінші экипаж науқасты қызметтік автокөлікке отырғызып, барынша жылдам әрі қауіпсіз жол жүруді қамтамасыз ете отырып, медициналық мекемеге жеткізуді жалғастырды. Екі экипаждың үйлесімді іс-қимылының арқасында азамат Өскемен қаласындағы №1 қалалық ауруханаға уақытылы жеткізіліп, оған қажетті медициналық көмек көрсетілді. Полиция қызметкерлерінің жеделдігі мен нақты іс-әрекеті төтенше жағдайда әрбір минуттың маңызды екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.