Қарағандыда жолдағы құқық бұзушылықтар тоқтатылды: 800-ден астам дерек тіркелді

Polisia.kz

Қарағанды облысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған ауқымды профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр.

Бұл шаралар өңірдегі құқықтық тәртіпті нығайтып, жол қозғалысы мәдениетін арттыруға бағытталған. Іс-шараға учаскелік полиция инспекторлары, патрульдік полиция батальоны мен полкінің қызметкерлері, сондай-ақ Ұлттық ұлан жауынгерлері жұмылдырылды. Рейд барысы полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасы басшылығының тікелей бақылауында өтті. Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бағдат Какимовтың айтуынша, мұндағы басты мақсат – жазалау емес, құқық бұзушылықтың алдын алу және тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Алайда жүргізілген профилактикалық шараларға қарамастан, бір тәулік ішінде облыс бойынша жол қозғалысы ережелерін бұзудың 800-ден астам дерегі тіркелген. Оның ішінде 70 жағдай өрескел құқық бұзушылық санатына жатады. – Рейд барысында мас күйінде көлік басқарған 3 жүргізуші ұсталды. Сонымен қатар бұрын жүргізу құқығынан айырылған 2 азаматтың қайтадан рөлге отырғаны анықталды. Бұдан бөлек, көлік әйнектерін заңсыз қараңғылау бойынша 22 дерек, жүргізу құқығы жоқ азаматтардың көлік басқаруының 8 фактісі және сақтандырусыз көлік жүргізудің 16 жағдайы тіркелді. Жалпы 34 автокөлік айыптұраққа қойылды, – деді Бағдат Какимов. Сондай-ақ рейд барысында бұрын мас күйінде көлік басқарғаны үшін жүргізу құқығынан айырылған азаматтардың қайта құқық бұзуының алдын алуға ерекше көңіл бөлінген.

– Көлікті мас күйінде басқару – бұл ауыр құқық бұзушылық. Өкінішке қарай, мұндай әрекеттерді қайталайтындар бар. Мәселен, 38 жастағы қала тұрғыны бұрын жүргізу құқығынан айырылғанына қарамастан, қайтадан мас күйінде көлік басқарғаны анықталды. Қазіргі уақытта оған қатысты қылмыстық іс қозғалды, – деп атап өтті басқарма бастығы.

Қарағанды облысында мұндай профилактикалық іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасады. Тәртіп сақшылары азаматтарды заң талаптарын сақтауға және жолдағы қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауға шақырады.