Қарағанды облысында жол апатынан 50-ден астам адам зардап шекті. Оқиға Қарқаралы ауданында Бесоба ауылының маңында болды. Жұмысшылар мінген вахталық автобус аударылып қалған. Салонында 51 адам болған. Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары оқиға орнына жедел жетіп, зардап шеккендерге тез арада көмек көрсетті. Ауыр жарақат алған бірнеше адам «Қазавиақұтқару» тікұшағымен облыс орталығындағы ауруханаға жеткізілді. Қалғандары жедел жәрдем дәрігерлері мен Апаттар медицинасы орталығының сүйемелдеуімен арнайы техника арқылы тасымалданды. Қазіргі уақытта жұмысшылардың өміріне қауіп жоқ. Дегенмен жағдайы ауыр 7 адам облыстық ауруханада жатыр. Полицияның алдын ала болжамы бойынша вахталық автобус жүргізушісі көлікті басқара алмай қалған. Сонымен қатар автобус жүрген жолдың күрделі жабындысы бар технологиялық жол екені белгілі болды.
ДАРЫН ДАРЫБАЕВ, КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНАНЫҢ ТРАВМАТОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТ БОЙЫНША АХУАЛДЫҚ ОРТАЛЫҒЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
Қазіргі таңда 44 науқас амбулаториялық емге жіберілді. 7 науқас түрлі бөлімшелерге жатқызылды әр түрлі дене жарақаттарымен. Оның ішінде бас ми шайқалуы, дене жарақаттарымен, қолдың сынуы. Барлық науқастардың жағдайы орташа ауыр дәрежеде, жоғары квалификациялық көмек алуда.
Айта кету керек, бұл соңғы тәуліктегі жалғыз оқиға емес. Облыс орталығы – Қарағанды қаласында да ірі көлік апаты тіркелді. Халық тығыз орналасқан «Көгілдір тоғандар» ауданында жолда бірден үш жеңіл автокөлік соқтығысқан. Салдарынан 5 адам зардап шекті. Қазір олар түрлі жарақаттармен ауруханада жатыр. Жол апатының себептерін полиция анықтап жатыр. Тәртіп сақшылары жол қозғалысы ережелері мен жылдамдық режимін сақтауға шақырады.