Қорғалжын ауданында бөгет бұзылды

Ақмола облысының Қорғалжын ауданындағы «Шөптікөл» бөгеті бұзылып, еріген қар суы Астана-Қорғалжын күрежолына дейін жетті. Қауіптің бетін қайтару үшін жұмысшылар қызыл суды жедел түрде жолдың екінші бетіне бұрып, тәулік бойы тынымсыз еңбек етті.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, тұрғындарға қауіп жоқ. Сабынды ауылы маңындағы су басу қаупі толық жойылды, елдімекендер қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Су тасқынының алдын алу үшін жол деңгейі көтеріліп, 800 метрге жуық топырақ үйіндісі төселді. Сонымен қатар 5 мың қап пен 50 мың тонна инертті материал дайындалған. Жұмысқа 56 техника мен 230-дан астам адам жұмылдырылды.

АЛМАС АЛИН, ҚОРҒАЛЖЫН АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Қазіргі уақытта үйлерді су басатын қауіп жоқ. Барлық жұмыстар штаттық режимде жүріп жатыр. Жолдар бұзылған жоқ. Барлығы қалыпты режимде. Бұл жұмысқа Қорғалжын ауданының Сабынды ауылының еріктілері жұмылдырылды. Суды қазіргі таңда басқа жаққа бұру жұмыстары жүргізіліп жатыр.