Атырау облысында жаппай мал қырылып жатыр

Атырау облысында  жаппай мал  қырылып жатыр. Құрманғазы ауданында былтыр қарашадан бері  шыр айналдырған жұқпалы ауру түліктен түк қалдырар емес. Алдындағы азды-көпті малынан айырылған шаруалар шырылдап жүр. Ал жергілікті билік те, жауапты мамандар да үнсіз. Мал аурудан емес, аштықтан  өлді,- деп алаңсыз отыр. 

Құрманғазы ауданына қарасты Азғыр ауылы шаруалары   көктем келіп, төрт түліктің аузы көкке тиген кезде малынан айырылып, еңсесі түсуде. Тұрғындардың айтуынша, 200-ге жуық ірі қара арам өлген. Жайылымнан келген малдың аузынан сілекейі ағып, жем-шөп жеуден қалыпты.

БЕК ҚАПУАНОВ, ШАРУА:

Қоңыртеректен 50 шақты мал кетті. Жалпы, 200-ден астам ірі қара, 3000-дай жылқы кетті. Жылқы киіктен, мына малдар «аусыл» деген аурудан кетіп жатыр. Оның атын «ринотрахеит» деп өзгертті. Ол ауруды өзінің вакцинасымен емдеп жатқан жоқ. 2024-тен бері айтылып келе жатыр. «Бұл аурудан өлмейді» деді Нұркен Баяров. Міне, мал қырылып жатыр. 

Шаруалар жылдар бойы баптаған малын аман алып қалу үшін тәулігіне бір мәрте екпе салдырады.  Бір екпенің құны – 5000 теңге. Мал басы 70-тен асатындар үшін бір күндік шығын шамамен 350 мың теңгеге жетеді, -дейді олар. Бірақ ол да көмектеспей тұр,- дейді шарасыз шаруалар.

РАШИД БИСЕМБАЕВ, ШАРУА:

Жетпістей сиырым бар еді. Оның 10-ы өлді. Уақытында привывкасын алдық. Бірақ нәтиже жоқ. 400-дей қойым бар. Бәрі «аусыл» ауруына шалдығып жатыр. Келіп, емін жасады. Бірақ емнен нәтиже жоқ. Бір сиырға 5000 теңгенің вакцинасын аламыз. Қозы шығыны көп. Бұзауларым да қырылып жатыр. Әсіресе, ірі қара көп кетті.

Аудандағы жауапты мамандар болса, өлген мал саны әлдеқайда аз деп отыр. Дегенмен алынған сынама нәтижесінде «ринотрахеит» диагнозы қойылғанын айтты.

ЖЕТКІНШЕК ӘЖІҒАЛИЕВ, ҚҰРМАНҒАЗЫ АУДАНДЫҚ ВЕТЕРИНАРЛЫҚ СТАНЦИЯНЫҢ БАСШЫСЫ:

6 бас ірі қара өлім тіркелді. Ол малдар емделмей қалып, асқынып кеткендер. Бізге шаруалардың хабарлауы бойынша тек 6 мал деп отырмыз. Мал иесі бізге, яғни, ветеринарлық дәрігерлерге хабарлауы керек. Сол бойынша тіркеледі.

Өлген мал бірден арнайы шұңқырға көміліп жатыр.  Шалғайдағы шаруалар  шұғыл шара қабылданбаса, қолдағы барымыздан айырыламыз деп дабыл қағуда. Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасындағылар тұрғындар айтқан 200  мал жұқпалы аурудан емес,  қыстан әлсіреп, көтерем шығып өлген, ол төтенше жағдай болып саналмайды- деп жазбаша жауап берді.