Қазақстанда әрбір үшінші тұрғын сауданы интернет арқылы жасайды

  • AstanaTV
  • 06 сәуір 2026

Қазақстанда әрбір үшінші тұрғын сауданы интернет арқылы жасайды. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, елдегі онлайн сатып алушылардың үлесі 32 пайыздан асқан. Желідегі тауарға сұраныс артуына не себеп? Аяулым Изатқызы айтады.

Заманауи технологиялар күнделікті тұрмыстың ажырамас бөлігіне айналды. Бүгінде тұтынушылар үйден шықпай-ақ, бір ғана батырманы басу арқылы қалаған тауарына қол жеткізе алады. Ресми статистикаға сүйенсек, еліміздегі әрбір үшінші тұрғын онлайн сауданың игілігін көріп отыр. Нақтырақ айтсақ, интернет арқылы тауар мен қызмет сатып алатындардың үлесі 32 пайыздан асқан. Десе де, дәстүрлі сауда мен онлайн дүкендерге қатысты азаматтардың пікірі екіге жарылды

БЛИЦ:

- Онлайн ала берем. Мысалы, басқа қалада болса, барып алуым керек емес, онлайн заказ бере салам.

- Келіп алған ыңғайлы. Өйткені онлайн мен сенбеймін.

- Если времени не хватает, то онлайн заказываем. А если время хватает, то сами ходим.

Тұтынушы талғамының өзгеруі кәсіпкерлерді де жұмыс жүйесін қайта қарауға итермеледі. Зерттеулерге сәйкес, отандастарымыздың цифрлық себетінде ең көп кездесетіні - киім-кешек пен спорт тауарлары. Бұл көрсеткіш 71 пайыздан асады. Одан кейін азық-түлік пен косметикаға сұраныс жоғары. Кәсібін дөңгелетіп отырған іскер жандар бүгінде сауда нүктелеріне ғана иек артпай, маркетплейстердің мүмкіндігін белсенді пайдалануда.

ДАНИЯР КӘРІМОВ, КӘСІПКЕР:

Менің өзімнің киім сататын бутигім бар. Қазіргі таңда сатып алушылардың көбі тауарды интернет арқылы таңдайды. Сол үшін мен де осы мүмкіндікті пайдаланып, өнімдерімізді маркетплейстер арқылы ұсынып жүрмін. шынын айтсам, онлайн саудадан пайда көбірек түседі.

Ұлттық статистика бюросы ұсынған мәліметке сәйкес, онлайн саудаға қатысты өңірлер арасындағы белсенділік әртүрлі. Шығыс Қазақстан облысы көш бастап тұр,  мұнда халықтың 61,7 пайызы виртуалды дүкендердің тұрақты тұтынушысы. Одан кейінгі орында Қарағанды облысы мен еліміздің қос мегаполисі - Алматы мен Астана қалалары тұр. Ал Түркістан, Жетісу және Жамбыл облыстарының тұрғындары әзірге дәстүрлі сауданы құп көреді. Мамандар интернет-дүкендердегі сұраныстың жоғары болуын бағаның төмен болуымен байланыстырады.

БАУЫРЖАН ЫСҚАҚ, ЭКОНОМИСТ:

Интернеттегі тауарлардың неге арзан болатынын айтатын болсақ, бірінші кезекте шығындардың аз болуы. Яғни онлайн дүкендерде жалданатын қымбат сауда орындарының жоқтығы, қызметкерлердің аздығы, одан кейін логистиканың оітайландырылғанының өзі бұл өзіндік құнының арзан болуына әсер етеді.

Қалай десек те, заман ағымына қарай сауданың бұл түрі алдағы уақытта да қарқынды дами бермек. Ең бастысы - таңдау еркі тұтынушының өз қолында.