Елде ерекше білім беруді қажет ететін 240 мыңға жуық бала бар

  • AstanaTV
  • 06 сәуір 2026

Елде ерекше білім беруді қажет ететін 240 мыңға жуық бала тіркелген. Оның басым бөлігі - аутизм мен мінез-құлық ерекшеліктері бар бүлдіршіндер. Елордада AMANAT партиясының қолдауымен өткен «Autism Talks» конференциясында сарапшылар мен ата-аналар осы күрделі диагнозбен бетпе-бет келген отбасылардың мәселесін талқылады. Ерекше балалар мектеп бітірген соң неге төрт қабырғаға қамалып отыруға мәжбүр? Оларды жұмыспен қамтуда қандай кедергілер бар? Әріптесім Аяулым Изатқызы толықтырады.

Жер шарындағы әр 100 баланың біріне «аутизм» диагнозы қойылады. Қазақстанда да бұл көрсеткіш жыл санап артуда. Ресми деректерге сүйенсек, елде ерекше білім беруді қажет ететін 237 мың бала тіркелген. Оның 212 мыңы - интеллектуалды дамуында тежеуі бар немесе әлеуметтік ортаға бейімделуі қиын өрен.

АЙГҮЛ КИНАЛИЕВА, ЕРЕКШЕ БАЛАНЫҢ АНАСЫ:

Үш баладан кейін кенже қызымның диагнозын естігенде, әлемім астаң-кестең болды. «Аутизм» деген беймәлім ұғыммен бетпе-бет келіп, жалғыз қалғандай күй кештім. Психологтардың көмегімен жаныма маза бермеген өкініш пен балам үшін ұялу сезімін жеңдім. Ең басты жеңісім - баламды ешкіммен салыстырмауды және оның өзгеше болмысын бүкпесіз қабылдауды үйренгенім.

Ерекше балаларды ортадан оқшауламай, керісінше қоғамға бейімдеу - басты міндет.  24 қалада 80 инклюзияны қолдау кабинеті ашылды. Бұл орталықтар - баланың мектеп бағдарламасын игеруіне ғана емес, оның қатарластарымен еркін тіл табысып, әлеуметтенуіне септігін тигізеді. Жоба аясында 2 мыңнан астам бала қамтылған.

МАДИНА ТАТУБАЕВА. МІНЕЗ-ҚҰЛЫҚ ТАЛДАУШЫ:

Қала мектептерінде алғаш рет аштық осы Болашақ қорының қолдауымен. Осы бүкіл біздің тәжірибемізді жинап, біздің "Болашақ" қоры, "Болашақ" қорының кураторлары әдістемелік нұсқаулық шығарған болатын. Оны мамандар қолдана алады және ата-аналардың өзі де қолдана алады.

Алайда мектепті бітірген соң ерекше балалар  тағы бір сынаққа тап болады. Көптеген оқу орны оларды қабылдауға дайын емес, ал дипломы барлардың өзіне жұмыс табу - мұң. Салдарынан жастар  төрт қабырғаға қамалып, қоғамнан тыс қалады. Бұл түйткілді шешу үшін «Bolashak Charity» қоғамдық қоры жұмыс берушілермен серіктестік орнатуда.

САМАЛ ӘЛБІЛЕКОВА, BOLASHAK CHARITY ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫ ИНКЛЮЗИВТІ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБАЛАРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Жұмысқа алып жатқан жұмыс орындары бар. Бірақ олар сол инклюзияны қолдау үшін біздің қормен серіктестікте жұмысқа алды. Біз оларды сол жұмыс орнында оқытып, қасындағы аутизмі бар адамдармен жұмыс жасайтын жұмысшыларды қолдау мақсатында тренингтер өткіземіз. Енді өкінішке орай ондай жұмыс берушілер саны аз.

Аутизм - үкім емес, өзгеше болмыс. Сондықтан AMANAT партиясының қолдауымен «Bolashak Charity» қоғамдық қоры ұйымдастырған «Autism Talks» секілді алаңдардың мақсаты - қоғамдағы тосқауылдарды бұзып, әрбір азаматқа тең мүмкіндік сыйлау.