Астана полицейлері есірткі сақтады және таратты деген күдікпен 25 жастағы ер адамды ұстады.
Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер Chery автокөлігін тоқтатты. Көлік жүргізушісі тоқтау туралы заңды талапқа бағынбай, қашып кетпек болған.
Қудалаудан қашқан ол тұрғын үйдің ауласына кіріп, тұрған екі көлікті соққан. Осыдан кейін ер адам көліктен шығып, жаяу қашпақ болған кезде оны полиция қызметкерлері ұстап алған.
Автокөлікті тексеру кезінде артқы орындықтан оқшаулағыш таспамен оралған, ішінде ұнтақ заты бар түйіншек табылды. Сараптама бұл салмағы шамамен 500 грамм болатын "Альфа-pvp" есірткісі екенін көрсетті.
Қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Полиция есірткіге қатысты кез келген әрекет - сақтаудан бастап таратуға дейін - ауыр қылмысқа жататынын және ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына әкеп соғатынын ескертеді. Ведомство қашып құтылу, айғақтарды жою немесе жауапкершіліктен жалтару әрекеттері жағдайды одан әрі қиындатып, жазадан құтқармайтынын атап өтті.