Шымкентте тұтынушылардың газға қарызы 900 млн теңгеден асқан

Фото: «QazaqGaz»

Жылыту маусымы аяқталғаннан кейін Шымкенттегі газ қызметтері бақылауды күшейтіп, төлемі кешіктірілген абоненттердің газын жаппай өшіруді бастады.

Қалада төлем жасамаған абоненттер қатарында 30 063 тұтынушы бар. Қазіргі таңда көгілдір отынға жалпы қарыз көлемі 914 530 528 теңгеге жеткен.

— Мысалы, Жігер көшесінің бір тұрғыны өткен жылғы ақпаннан бері газ төлемін жасамай, шамамен 390 мың теңге қарыз болған. Бұған дейін ол газдан ажыратылғанымен, қызметті өз бетінше қайта қосқан. Енді оның берешегіне газды қайта қосу және дәнекерлеу жұмыстарының шығындары қосылады, — деді «QazaqGaz Аймақ» АҚ ШӨФ маркетинг және талдау бөлімінің бастығы Сұлтан Омаров.

Қысқы кезеңде газбен қамту ұйымдары қарызы бар абоненттерді өшіруді шектеулі түрде жүргізіп, газ беруді сақтауға тырысқан. Алайда жылыту маусымы аяқталған соң бұл тәсіл өзгерді.

— Біз қарызы бар абоненттерді өшіруді бастаймыз. Оны кейінге қалдырмаймыз. Газ тек ақылы негізде қайта қосылады, сондықтан тұтынушылар үшін жалпы шығын көлемі артады. Шымкент тұрғындарын төлемдерді кешіктірмеуге шақырамыз, — деп хабарлады компания.