"Ниқаб киетіндер азайды", - әлеуметтанушы

  • AstanaTV
  • 07 сәуір 2026

Бетін тұмшалап, қара жамылғандардың қатары сирей бастады. Бұған заңдық шектеулер әсер етті дейді сарапшылар. Ал егер талапқа бағынбаса қандай шара қолданылады? Аяулым Изатқызы айтады.

Бүгінде Қазақстанның құқықтық кеңістігінде "бет-әлпетті жасыру" түсінігі қоғамдық қауіпсіздік нысанына айналды. Былтырдан бастап көпшілік орындарда бет-жүзін тануға кедергі келтіретін киім-кешектерді киюге тыйым салынды. Заңға түзетулер енгізілгеннен кейін мегаполистерде ниқаб киетін әйелдердің саны айтарлықтай азайды дейді сарапшылар.

ӘДЕМІ СЕМБИНОВА, ӘЛЕУМЕТТАНУШЫ:

Әлеуметтанушы ретінде бақылағаным: қоғамның арасында әйел азаматшалар көп жағдайда ниқаб кигенін байқаймыз. Ал енді мынау 2025 жылы қабылданған заңнан кейін ақырындап бет-аузын ашып, хиджабқа ауысып жатыр. бұл дегнемізі заң орындалып жатыр деуге болады. нақты статистика жоқ бұған қатысчты, бірақ 20-30 пайыз нәтижесін беріп жатыр.

Алайда заң тек статистикалық көрсеткіш емес, стратегиялық тұрақтылық үшін де қабылданды. Өйткені бейнебақылау жүйелері мен цифрландыру дәуірінде бетті тұмшалау - қауіпсіздік шараларының тиімділігін нөлге түсіреді. Сондықтан заң шығарушы орган "тұлғаны тануға кедергі келтіретін" киім үлгісі үшін нақты жауапкершілік белгіледі.

ҚУАТ АУҒАНБЕК, ЗАҢГЕР:

Әкімшілік Кодекспен реттеледі. 434 прим 1 деген бап қой деймін, қателеспесем.  Қоғамдық орындарда адамның жүзін тануға кедергі келтіретін киім киюге болмайды. Егер де ол қызметтік міндетке байланысты болмаса, медициналық себеппен болмаса, ауа райына байланысты болмаса. Егер орын алатын болса, бірінші ретте оған предупреждение береді, бір жылдың ішінде қайталанатын болса, 10 АЕК есебінде айыппұл салады. Екінші рет қайталанса 15 мрп, бір жылда бірнеше рет қайталаснса 10 тәулліке, 15 тәулікке қамалуы мүмкін.

Мәселенің құқықтық жағы нақтыланғанымен, діни сенім де маңызды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұл тақырыпқа әлдеқашан нүкте қойған. Ислам ғұламалары бетті жауып жүруді міндетті парыз емес, керісінше, белгілі бір географиялық аймақтарға тән мәдени үрдіс ретінде қарастырады.

ЕЛБЕК ТАСБОЛАТҰЛЫ, ҚМДБ ШАРИҒАТ ЖӘНЕ ПӘТУА БӨЛІМІНІҢ МАМАНЫ:

Ниқаб - діннің талабы емес, парыз да емес, міндет те емес. Бәлкім, ол - рұқсат. Енді бұл ниқаб діннен бұрын да бар еді. Араб елдерінде климатқа байланысты қалыптасқан дүние. Ғалымдарымыз ескертетін бір жайт бар, ниқаб кең таралмаған жерлерде ниқаб киіп ерекшелену  құпталмайтын дүние дейді. 

Ал көршілес мемлекеттер бұл мәселені әлдеқашан ұлттық қауіпсіздік пен зайырлылықтың басты шарты ретінде бекіткен. ГРАФИКА Мәселен, Қырғызстан былтыр ақпан айынан бастап қоғамдық орындарда бет-жүзді жасыруға ресми түрде тыйым салды. Заңды бұзғандарға 20 мың сом, яғни шамамен 230 доллар айыппұл қарастырылған. Өзбекстан билігі де 2023 жылдың қазанында ұқсас заңды қабылдады. Құжат «Қауіпсіз қала» бейнебақылау жүйесінің кедергісіз жұмыс істеуін көздейді. Мұнда талапты елемегендерге 800 долларға дейін айыппұл салынуы мүмкін. Аймақтағы ең қатаң бақылау Тәжікстанда орнатылған. Онда «ұлттық мәдениетке жат» киімдерді киюге ғана емес, оны саудалауға да тыйым салынды. Тәжік билігі бұл шараны «бөтен мәдениет элементтерімен күрес» және экстремизмнің алдын алу деп сипаттайды. Осылайша Орта Азия елдері үшін ниқаб мәселесі діни емес, саяси тұрақтылық пен ұлттық бірегейлікті қорғаудың құралына айналып отыр.