Пойызда бұзақылық жасағандар жауапкершілікке тартылды

polisia.kz

Көліктегі полиция департаменті қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ көлік инфрақұрылымы нысандарындағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған жұмысты жүйелі түрде жалғастыруда.

Жыл басынан бері көлік полицейлері 25 378 құқық бұзушылықты тоқтатты. Оның ішінде қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді ішу бойынша 1 831, ұсақ бұзақылықтың 190, сондай-ақ полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбаудың 22 фактісі және басқа да құқық бұзушылықтар тіркелген. Мәселен, Орал – Астанабағытдындағы жолаушылар пойызын патрульдеу барысында Қостанай станциясындағы көліктегі полиция бөлімінің қызметкерлері 49 жастағы жолаушыны анықтады. Ол алкогольдік масаң күйде болып, вагон жолсерігі мен басқа жолаушыларға қатысты балағат сөздер айтып, қоғамдық тыныштықты бұзған. Сонымен қатар ол полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбаған. Аталған азамат ұсақ бұзақылық және құқық қорғау органы қызметкерінің заңды талабына бағынбау бойынша екі баппен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен оған 7 тәулік мерзімге қамауға алу жазасы тағайындалды. Осыған ұқсас жағдай Ақтөбе станциясында да болды. Онда 46 жастағы ер адам қоғамдық тәртіпті бұзып, полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын орындаудан бас тартқан. Ол да жауапкершілікке тартылып, 6 тәулікке қамауға алынды. Билік өкілінің заңды талабына бағынбау өрескел құқық бұзушылыққа жатады. Мұндай әрекеттер үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделген.