Қызылорда облысында биыл 187 отбасы тұрғылықты мекенжайы бойынша тексерілді

Polisia.kz

Қызылорда облысында полиция әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау мақсатында кешенді жұмыстар атқаруда.

Қазіргі қоғамда әйелдердің құқықтарын қорғау – маңызды әрі өзекті мәселелердің бірі. Бұл ретте полиция қызметкерлері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға және оны болдырмауға күш салуда. Қызылорда облысы полиция департаментінің бастамасымен және облыс әкімдігінің қолдауымен облыс орталығында ашылған отбасына көмек көрсетудің бірыңғай орталығы бүгінде нәтижелі жұмыс жасауда. Полиция қызметкерлері әйелдер мен балаларға қатысты жасалатын қылмыстың санын азайту, жәбірленушілердің полицияға деген сенімін арттыру, әрбір жүгінген әйелге заң аясында қолдауға, қорғауға әрқашанда дайын. Жауапкершілікті күшейту шараларымен қатар зардап шеккендерге көрсетілетін қолдау жүйесі де жетілдірілді. Бұдан бөлек бүгінде полиция қоғаммен тығыз байланыста. Олар үкіметтік емес ұйымдармен, дағдарыс орталықтарымен және әлеуметтік қызметтермен бірлесе отырып, жұмыс жасауда. Мұндай ынтымақтастық қиын жағдайға тап болған әйелдерге жан-жақты көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Қандай да бір заңсыз әрекет туралы хабарлама түскен сәттен бастап полиция жедел әрекет етеді. Қызметкерлер оқиға орнына барып, жағдайды бағалайды, қауіп деңгейін анықтап, жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Қызылордада полицейлермен жыл басынан 187 отбасы тұрғылықты мекенжайы бойынша тексеріліп, профилактикалық әңгімелер жүргізілді. Дағдарыс орталықтарына 52 өтініш келіп, 46 әйел 103 баласымен уақытша қауіпсіз орындарға орналастырылып, оларға психологиялық, құқықтық және әлеуметтік қолдау көрсетілді. Бүгінде қолайсыз отбасы санатында 148 адам, қорғау нұсқамасымен 797 және ерекше талаппен 211 адам бақылауда тұр. Полиция алдын алу жұмыстарын белсенді жүргізуде: халықпен кездесулер, тұрғындармен жиындар, жеке қабылдаулар өткізіп, құқықтық кеңес беруде. Өткізілетін іс-шаралардың басты мақсаты - отбасындағы зорлық-зомбылық, ана мен баланы қорғау, отбасының қоғамдағы рөлін нығайту, отбасылық құндылықтарды тәрбиелеу, әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттырудың өзекті мәселелеріне жұртшылықтың назарын аудару. Полиция – әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықтың жолын кесуде негізгі күштердің бірі. Олардың жедел әрекеті, алдын алу шаралары және қоғаммен бірлескен жұмысы қауіпсіз әрі әділетті қоғам қалыптастыруға ықпал етеді.