"Әр бір сағат сайын 5 адамға ит шабуылдайды"-Жаңбыршин

фото: Мәжіліс

Қазақстанда әр бір сағат сайын 5 адамға ит шабуылдайды. Депутат Еділ Жаңбыршин осылай дейді.

Мәжілісте «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралып жатыр. 

«Осы пленарлық отырыс аяқталғанша, шамамен үш сағат ішінде елімізде кемінде 15 адамды ит қабуы мүмкін. Орта есеппен алғанда, әр сағат сайын 5 адам иттердің шабуылына ұшырайды. Яғни біз осы залда заң талқылап отырған сәтте елдің бір жерінде – аулада, көшеде, мектеп маңында, балалар алаңында немесе аялдама жанында – бір бала, әйел немесе қарт адамды ит қабады.  Бұл - эмоция емес, бұл - нақты статистика. Сондықтан біз бүгін жай ғана жануарлар туралы заңды қарап отырған жоқпыз. Біз адам қауіпсіздігі, қоғамдық тәртіп, мемлекеттің жауапкершілігі, ең бастысы – адам өмірі мен денсаулығын қорғау мәселесін қарастырып отырмыз», – деді Жаңбыршин.

Соңғы бір жылдың ішінде 41 366 адамды ит қапқан. Соның ішінде 23 134 адам бұралқы иттердің шабуылынан зардап шеккен.

Салыстыру үшін айтсақ, 2024 жылы ит шабуылының 38 848 жағдайы тіркелсе, оның 24 410-ы бұралқы иттерге тиесілі. Бұл тұрғыда мәселе азайып жатқан жоқ. Ол әлі де: жүйелі, өткір, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті мәселе болып отыр. Бұл сандардың артында жай ғана есеп емес, нақты адамдардың тағдыры тұр. Оның артында балалардың жарақаты, азаматтардың қорқынышы, психологиялық күйзеліс, мүгедектікке алып келген жағдайлар, ал кейде — адам өлімі тұр. Бірнеше ғана мысалды еске салайын. Өскеменде бұралқы иттер 11 жастағы балаға шабуыл жасады. Осындай жағдайлар Оралда, Көкшетауда, Жалпақсай аулында, Қосшыда болды. Ал 2022 жылы Ақтөбе облысында бұралқы иттердің шабуылынан бала қаза тапты. Осындай әрбір қайғылы оқиғадан кейін қоғам мемлекетке өте орынды сұрақ қойып отыр: «адамдардың қауіпсіздігіне, бұралқы иттерге, жүйенің әрекетсіздігіне кім жауап береді?». Егер мемлекет осы сұраққа нақты жауап бере алмаса, онда мәселе тек иттерде емес. Мәселе - құқықтық және басқарушылық вакуумда, - деді Еділ Жаңбыршин.

 Мұндай тәжірибе әлемде де кездеседі. Мысалы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы және құтырумен күрес жөніндегі жаһандық альянс «Zero by 30» стратегиясы аясында 2030 жылға қарай адамдар арасында ит қапқанда жұғатын құтырма ауруынан болатын өлім-жітімді жоюды мақсат етіп отыр.

Осы жағдайларда бюджет қаражатын жүйелі бөлу айтарлықтай нәтиже бермейді, жануарларға арналған панажайлар мен уақытша ұстау пункттеріне сұраныс сақталады. 2021 жылы – 1,3 млрд теңге, 2022 жылы – 1,3 млрд, 2023 жылы – 3,5 млрд, 2024 жылы – 2,9 млрд, 2025 жылы – 3,5 млрд теңге бөлінген.