Қостанайда тасқын кезеңі шығынсыз аяқталды. Өңірде төтенше жағдай орын алмаған, бірде-бір баспананы су баспады. Алдын алу шараларының нәтижесінде 90-нан астам ауылда қорғаныс бөгеттері нығайтылып, кәріз жүйелері ретке келтірілген.
Қостанай облысында су тасқыны кезеңі штаттық режимде өтті. Қардың қарқынды еруіне қарамастан, өңірде бірде-бір тұрғын үйді су басуға жол берілген жоқ. Сондай-ақ төтенше жағдайлар да тіркелмеді. Облыс әкімі бұл нәтижені жауаптылардың үйлесімді жұмысының жемісі деп бағалап отыр.
ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:
Барлық уәкілетті органдардың үйлесімді жұмысын атап өткім келеді. Қабылданған шаралардың арқасында елдімекендер көктемгі су тасқынынан қорғалды. Бірде-бір тұрғын үйді су баспады.
Өңірде дайындық жұмыстары ерте басталған. Жалпы ұзындығы 54 шақырым қорғаныс нысандары бекітіліп, 78 шақырымдық нөсер кәрізі аршылды. Әсіресе, жеке сектордағы қауіпті сейілтуге күш салынған. Нәтижесінде 1,6 мыңнан астам үйдің ауласы еріген қар суынан қорғалды.
АСХАТ КҮШЕҒҰЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД ТЖ АЛДЫН АЛУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:
Су айдындарында мұз кептелісін болдырмау мақсатында өзендер мен су қоймаларында мұз қопсыту, жару жұмыстары жүргізілді. Жалпы көлемі 225 мың текше метрді құрайтын жұмыс 61 учаскеде атқарылды.
Сондай-ақ, төтенше жағдайдың алдын алуға 3600 маман мен 500-ден астам техника жұмылдырылған. Су арналары мен өзендердегі жағдай гидробекеттер арқылы тәулік бойы жіті бақыланды. Жауапты қызметтер мен тұрғындардың бірлескен әрекеті табиғаттың тосын мінезіне төтеп беріп, жағдайды толық бақылауда ұстауға мүмкіндік берді.