Президенттің цифрландыруды дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінде жасанды интеллектке негізделген заманауи бейнебақылау жүйесі сынақтан өтіп жатыр. Жүйе қолданыстағы камераларға қосылып, бейнеағынды тәулік бойы үздіксіз талдайды.
Оның басты ерекшелігі – сарбаздардың күнделікті жүріс-тұрысын, мінез-құлқын және эмоциялық жағдайын саралауында. Яғни, жүйе тек бейнені тіркеп қана қоймай, сарбаз бойындағы өзгерістерді де анықтап, мінез-құлықтағы күмәнді белгілерге талдау жасайды.
“Егер сарбаздардың әрекетінен агрессия байқалса, жасанды интеллектке негізделген жүйе бөлім командирлеріне, тәрбиешілер мен психологтарға мессенджер арқылы сигнал жібереді. Бұл дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік береді”, – деді Ұлттық ұланның ресми өкілі Әлібек Абдилов.
Сонымен қатар, бейнематериалдар арнайы платформада сақталады.
Айта кетейік, егер жүйе тиімділігін дәлелдесе, оны басқа әскери бөлімдерге де енгізу жоспарланып отыр.