Абай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесінің ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде қазіргі таңда шамамен 150 сотталған жаза өтеп жатыр. Олардың 130-дан астамы мекеме аумағында және одан тыс жерлерде еңбекпен қамтылған.
Сотталғандар әртүрлі меншік нысанындағы кәсіпорындарда жұмыс істейді. Олардың қатарында республикалық мемлекеттік кәсіпорын, төрт жауапкершілігі шектеулі серіктестік және екі жеке кәсіпкерлік бар. Еңбекке тартылғандардың басым бөлігі "Семей Тазалық" және "Зеленстрой" ЖШС-да қызмет етіп, қаланы абаттандыру және санитарлық тазалау жұмыстарына атсалысып жатыр. Еңбекпен қамту – сотталғандарды қайта әлеуметтендіру үдерісінің маңызды бөлігі. Бұл олардың тәртіп пен жауапкершілік қасиеттерін қалыптастырып, бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға бейімделуіне қажетті кәсіби дағдыларды дамытуға ықпал етеді.
– Сотталғандарды еңбекпен қамту – мекеме жұмысының басым бағыттарының бірі. Біз оларды еңбекке барынша тартуға тырысамыз. Бұл олардың пайдалы дағдылар мен тәжірибе жинауына мүмкіндік беріп қана қоймай, заңға бағынатын мінез-құлық қалыптастыруға да әсер етеді. Еңбек олардың өздерін қоғамның бір бөлігі ретінде сезінуіне көмектесіп, қайта бейімделу үдерісін жеңілдетеді, – деді мекеме бастығының орынбасары Даурен Бугилбаев.
– Жұмыс істеу уақытты тиімді өткізуге ғана емес, өзіңді қоғамның бір мүшесі ретінде сезінуге мүмкіндік береді. Алған жалақымыз арқылы сот белгілеген талаптарды өтеп, жақындарымызға көмектесеміз. Бұл бізді өзгеруге және алға ұмтылуға ынталандырады, – деп бөлісті сотталғандардың бірі.
Алдағы уақытта мекеме өңір кәсіпорындарымен ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлап отыр. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға және сотталғандардың әлеуметтік бейімделу деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.