“2 ай бойы ауылдағы 8 жігіт кезек-кезек зорлады”. Осылай деп шағымданған Алматы облысындағы 15 жастағы қыз құзырлы органдардан көмек сұрайды. Оның айтуынша, зорлық көрсеткендердің жасы 17 мен 26 аралығында. Олардың бірі қызбен әлеуметтік желі арқылы танысып, кейін қорқыту арқылы кездесуге мәжбүрлеген.
Жүзін жасыруды сұраған жасөспірімнің сөзінше, 1 қаңтардың түнінде интернетте танысқан 20 жастағы ауылдасы кездесуді ұсынған. Қыз келіспеген соң, жігіт «ағаңа бәрін айтамын» деп қорқытып, түнде сыртқа шығуға мәжбүрлеген. Кейін көлікке отырғызып, көзден таса жерге алып кетті дейді.
Ернімнен сүйді, мойнымнан иіскеді, санымнан ұстады. Солай тиісіп бастады. Сол кезде қарсылық білдірдім. Тиісіп жатқанында мен машинаның есігін ашып қашып жатқанымда ол қолымды қайырып, өзіне қарай сүйреді. Мен оның иығынан итердім. Итергеннен кейін «маған тиіспе» деп айқайлады да шапалақпен ұрып жіберді. Машинаның артына итеріп жіберіп, менің шалбарымды шешіп, сосын өз шалбарын шешіп еркімнен тыс жыныстық қатынасқа түсе бастады.
Қыздың айтуынша, осы жағдайдан кейін әлгі адам қайта келіп, қорқыту арқылы тағы зорлаған. Кейін бұл туралы өзге адамдарға айтып, қыздың нөмірін таратқан көрінеді. Осылайша жалпы 8 адам бопсалау арқылы қысым көрсетті дейді жәбірленуші. Ал болған жайтты ата-анасынан айырылған қызға қамқоршы атанған туған ағасы мектеп директорынан естіген. Артынша қыздың өзінен мән-жайды анықтапты.
МҰХТАР МӘЛІБЕК, ЖӘБІРЛЕНУШІНІҢ ЗАҢДЫ ӨКІЛІ:
Директорға барам, қағазды көрсетіп. Сөйтсем ол жерде 2 мұғалімнің баласы бар. Қылмысты жасырмақшы болған ба, түсінбедім. Сонымен шок жағдайда жүріп «не істейм» деп. Бұлардың туыстары келе берді үйге мазаны алып. Қоя салайық, ұят болады, қыздың өзі кінәлі болып қалады дейді. Заңға барам жанағы РОВД-да бұлардың танысы болды. Оны өзім де білемін, себебі ауылымыз кішкентай. Ол жерде тергеу дұрыс болмайтынын білдім де, бірден прокуратураға арыз түсірдім.
Бүгінде арыз бойынша полиция тергеу жұмыстарын жүргізуде. Құзырлы орган бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, қажетті сараптамалар тағайындалғанын мәлімдеді.
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
Полиция қызметкерлері он алты жасқа толмағаны белгілі тұлғамен жыныстық қатынас жасау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Жүргізіліп жатқан жедел-іздестіру іс-шаралары аясында оқиғаға қатысы бар тұлғалар шеңбері анықталуда, олардың әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады. Оқиғаны жан-жақты, толық әрі объективті тергеп-тексеруді қамтамасыз ету мақсатында тергеу-жедел тобы құрылды. Қазіргі уақытта орын алған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Жәбірленушілер күдіктілердің қамауға алынғанын талап етуде.