Түркістан облысында отызға тарта ауылда жер асты суы көтерілген

Түркістан облысында 30-ға жуық ауылда жер асты суы көтерілді. Жетісай ауданының тұрғындары зардап шегуде. Жаңбыр жауса тұрғын үйлердің астыңғы жағы ылғал тартып, іргетасы үгітіліп, қабырғасы қақырап кеткендері аз емес дейді жетісайлықтар. Әсіресе мыңнан аса тұрғыны бар Сәкен Сейфуллин ауылында жағдай қиын көрінеді. Елдімекен халқының арасында баспасын тастап, басқа жақа көшіп кеткендер бар дейді ауыл азаматтары. Өйткені сатайын десе алушы жоқ. Айтуларынша, баспаналар жөндеуге жарамайды. 

АҚМАРАЛ ЖАНБАЕВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Төбесін ремонттағанмен, астынан зәктеп, ұрып, құлап жатыр. Төбелері құлап жатыр. Бір жерін түртсең, екінші жағы құлайды. Газ кіргізгенменен отопления жүргізе алмай отырмыз.

ӨТЕУЛІ АРАЛБАЙҰЛЫ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Бұрын Кеңес үкіметінің кезінде ауылымыздың үш бұрышында дренаж бар еді. Есігіміздің алдында жеміс ағаштары жайқалып тұратын еді. Оның үстіне есіктің алдына балаларға көкөніс егілетін еді. Қазір қурап кетеді. Не только жеміс ағаш қазір қаратал да қурап қалып жатыр ғой. Жастардың 40 проценті көшіп кетті ғой.

Жұрт жаппай көшіп жатқандықтан  ауыл  мектебінде бала саны да азайып кетіпті. Ал отыз жыл бойы қараусыз жатқан су соратын қондырғыларды жөндетуге ауыл әкімі енді ғана ауданға ұсыныс тастағанын айтады. 

АБЗАЛ ӘЛДЕШОВ, ЖЫЛЫСУ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Дренаждың бюджеті тым жоғары. Оны біздің ауылдың бюджеті көтермейді оны. Бұл жерде енді алдағы уақытта осы 2026-шы жылға жоспарда бар. Ұсыныс беріп қойғанбыз аудандық ЖКХ бөліміне.

НҰРДӘУЛЕТ ІКІМАТ, ЖЕТІСАЙ АУДАНДЫҚ ТҮКШ, ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жалпы Жетісай ауданында 43 дана тік дренаж құрылысын жүргізу үшін қазіргі таңда сәулет жоспарлау тапсырмасы әзірленіп, жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Аталған жобаларға сараптаманың оң қортындысы алынып болған соң, құрылысына аудандық немесе облыстық бюджеттен қаржы бөлдіруге ұсынамыз.