Сүт фермасына бөлінген жерді сатқан оралдық кәсіпкер қоғам белсенділерінің наразылығын туғызды

Оралдық кәсіпкер қала іргесінен сүт фермасына бөлінген жерді кері сатып жатыр. Оның бұл әрекеті қоғам белсенділерінің наразылығын туғызды. Өйткені бұл аумақ ауыл шаруашылығын дамытуға бөлінген екен. Жоспарға сай ауданы 248 гектар жерден ашылатын шаруашылық жүздеген адам жұмыспен қамтылуы тиіс еді. Тіпті бұл бастама өңірдегі инвестжобалардың қатарына да қосылған. Бірақ кәсіпкер бұл жерді 200 учаскеге қылдай бөліп, әрқайсысын 5 миллион теңгеден сатып жатыр. Демек, бірер жылда бұл жерде жаңа елдімекен бой көтереді. Ал бұл әрекет заңға қайшы дейді, қоғам белсенділері.

БАУЫРЖАН ЗӘКИ, ЗАҢГЕР:

Орал қаласының іргесіндегі жер телімдері заңсыз сатылып жатыр. Әкімдік бөлген аумаққа қазір кәсіпкер инфрақұрылым жүргізуге кіріскен. Бірақ Жер кодексіне сай, ауыл шаруашылығы және жеке шаруашылық мақсатқа бөлінген жерге тұрғын үй салуға болмайды. Осыған қарамастан ол әлеуметтік желі арқылы жарнама беріп, жер сатып жатыр.

Бір қызығы, жауапты органдар бұл әрекетті заңға қайшы десе де, прокуратура шара қолдануға асығар емес. Өйткені сүт фермасы инвестициялық жоба ретінде «жалпыұлттық пулға» енген көрінеді. Құзырлы органдар елді дүрліктірген кәсіпкерді арнайы алдырып, мәселені ашық талқыламақ болған. Бірақ ол кездесуге келмей, бұл іске нүкте қойылмады. Айта кетелік, облыста 90 мыңға тарта адам үй салу үшін жер кезегінде тұр.

АЗАМАТ ХАЛЕЛОВ, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Аталған инвестициялық жоба жүзеге асырыла ма, ол берілген жер телімдері жалпы мақсатына сай пайдаланыла ма деген сұрақтар қойылып жатыр. Әрине, комиссия құрылды. Осы комиссияға сәйкес тиісті шаралар әрі қарай қабылданатын болады. Егер қандай да бір заңбұзушылықтар бір себеппен орын алған жағдайда құзіретті органдармен сол заңбұзушылықтардың алдын алу талқыланатын болады.