«AMANAT» партиясы кәсіпкерлердің мүддесін қорғайтын жаңа құрылым – Кәсіпкерлер қанатын құрды. Бұл туралы Мәжіліс Спикері, партия Төрағасы Ерлан Қошанов Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында мәлімдеді. Жиынға мыңдаған компания өкілдері мен ірі салалық қауымдастық басшылары қатысты. Партия Төрағасы атап өткендей, жаңа қанат бизнес пен билік арасындағы алтын көпірге айналмақ. Сондай-ақ, кәсіпкерлердің мәселелерін цифрлық форматта шешу үшін «Ashyk Amanat» аналитикалық платформасы іске қосылады. Бұл сервис бизнес өкілдерінің арыз-шағымдарын жинақтап, оларды Үкімет деңгейінде жедел шешуге мүмкіндік береді.
ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Партияның тәжірибесі, әлеуеті және жұмыс істеуге деген ұмтылысы бар. Біз әрдайым Президент саясатының алдыңғы шебіндеміз. Ел тарихындағы маңызды кезеңдерде саяси институттардың басын біріктіріп келеміз. Белсенді азаматтарға арналған жұмыс алаңдарымыз бар. Жастар қанаты мен әйелдер қанаты жұмыс істейді. Олар ел аумағында ондаған мың адамды біріктіреді. Бұл – партиямыздың өзегін құрайтын электорат. Бизнес те партияны өз серіктесі ретінде көруі керек. Бізге сенім білдіріп, мұнда олардың дауысы естілетініне, мәселелері нақты қаралып, шешімін табатынына көз жеткізуі қажет. Сондықтан партияның жеке Кәсіпкерлер қанатын құруды ұсынамын.