Құрылтай сайлауы тамыз айында өтеді. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. Ол мұны әдейі ертеп айтып отырғанын жеткізді. Өйткені партиялардың жоспарларын айқындап, сайлау науқанына дайындық жүргізуіне жеткілікті уақыты болуы керек. Яғни, тиісті жұмыс жүргізуіне бес айға жуық уақыт беріледі. Президент Конституция күшіне енген сәттен бастап Жарлыққа қол қоятынын хабарлады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Құрылтай сайлауы Қазақстанның бүкіл саяси жүйесін жаппай «қайта құруға» жол ашады. Бұл ретте біз жүзеге асырып жатқан саяси және экономикалық реформалар қоғамдық сананың оң сипатта өзгеруіне әсер етуге тиіс. Мен мұның маңызы жөнінде бірнеше рет айттым.
Енді өлген адамның ағзасын 24 сағат бойы "тірі" ұстап тұруға болады. Құрылғыны қазақ ғалымдары ойлап тапқан. Президент мұны қазіргі қазақ ғылымы әлеуетінің жоғары көрсеткіші деп баға берді. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымға ерекше көңіл бөлу жалғаса беретінін айтты. Мәселен, соңғы 5 жылда осы салаға бөлінетін қаражат 6 есе артқан. Ғылыми жобаларға инвестиция салатын бизнес өкілдеріне де салық жеңілдігі қарастырылған. Ал жас ғалымдарға арнаулы гранттар бөлінген. Бұдан бөлек, 600-ден астам ғалымға баспана берілді. Сондай-ақ, Президент жоғары мемлекеттік марапаттар тізіміне арнайы «Әл-Фараби» орденін енгізуді тапсырды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Мен жоғары мемлекеттік марапаттар тізіміне арнайы «Әл-Фараби» орденін енгізу қажет деп санаймын. Бұл марапат білім мен ғылым, мәдениет пен руханият саласында зор табысқа жеткен азаматтарға беріледі. «Мейірім», «Қожа Ахмет Ясауи», «Әл-Фараби» ордендері биыл алғаш рет Республика күні қарсаңында тапсырылатын болады.