Алматыда есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесінің қызметкерлері синтетикалық есірткі заттарының заңсыз айналымына байланысты қылмыстық әрекеттің жолын кесті.
Жедел іс-шара барысында екі күдікті ұсталды. Олар мінген автокөлікті тексеру кезінде жүк салғыштан өзіне тән иісі бар ақ түсті ұнтақ зат салынған орамалар табылды. Тәркіленген заттың жалпы салмағы шамамен — 1 келі. Сонымен қатар көлік ішінен қолдан жасалған белгілері бар тегіс ұңғылы қару және оқ-дәрілер анықталып, тәркіленді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
— Синтетикалық есірткілердің таралу арналарының жолын кесу бағытындағы жұмыс ерекше бақылауда. Әрбір осындай операция – азаматтардың, әсіресе жастардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіптің алдын алу. Полиция есірткі қылмысына қарсы күресті жүйелі түрде жалғастырады, — деп атап өтті Алматы қаласы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Батуржан Абдумасаров.