Медицина ғылымы: зерттеуден өмірді сақтауға дейін

Фото: pixabay

Бүгін, 12 сәуірде, Қазақстанда ғылыми идеяларды нақты медициналық шешімдерге айналдыратын жандардың кәсіби мерекесі — Ғылым күні атап өтілуде.

Академик Н. Ж. Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығы үшін бұл күннің маңызы ерекше. Мұнда ғылыми қызмет даму негізі болып табылады, медициналық көмектің сапасын айқындап, пациенттерді емдеудің жаңа мүмкіндіктерін ашады.

Академик Нұрлан Батпенов негізін қалаған ғылыми мектептің дәстүрін жалғастыра отырып, Орталық тұрақты нәтижелер мен отандық медицинаның жоғары әлеуетін көрсетіп келеді. 2025 жыл Қазақстан ғылымының әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті шешімдер жасай алатынын дәлелдейтін маңызды жетістіктермен ерекшеленді.

Негізгі әзірлемелердің қатарында:

— буын шеміршек тінін қалпына келтіруге арналған инъекциялық гидрогельдерді әзірлеу жұмыстарының аяқталуы, бұл аз жарақатпен емдеу тәсілдерін дамытуға жол ашады;

— жетекші техникалық жоғары оқу орындарымен бірлесіп имплантаттарға арналған бактерияға қарсы жабындарды енгізу, бұл операциядан кейінгі асқынулар қаупін едәуір төмендетуге мүмкіндік береді;

— жеке 3D-имплантаттарды кеңінен қолдану және регенеративті медицина бағыттарын, соның ішінде жасушалық технологияларды дамыту.

Бүгінде Орталықтың ғылыми қызметі кең ауқымды бағыттарды — заманауи материалдар мен нанотехнологиялардан бастап тірек-қимыл аппараты жарақаттары мен ауруларын емдеудегі кешенді пәнаралық тәсілдерге дейін қамтиды.