Жол ережесін 61 рет бұзған жүргізуші қамауға алынды

Фото: polisia.kz

Астана қаласында полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін ұзақ уақыт бойы әдейі және өрескел түрде бұзып келген жүргізушінің заңға қайшы әрекеттерін тоқтатты.

Күйші Дина көшесінде жүргізілген рейд барысында BMW автокөлігін басқарған 27 жастағы азамат тоқтатылды.

"Тексеру нәтижесінде оның жыл басынан бері 61 рет әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Оның 59 дерегі – белгіленген жылдамдықты арттыру фактілері. Жүргізушінің әрекеттері қоғамдық қауіпсіздікке елеулі қатер төндірген. Атап айтқанда, ол Әл-Фараби көшесінде жаяу жүргіншілер өткелінен 133 км/сағ жылдамдықпен қызыл бағдаршамға өтіп кеткен. Бұдан бөлек, рұқсат етілген 90 км/сағ орнына 216 км/сағ жылдамдықпен жүргені де тіркелген. Мұндай жауапсыздық пен заңды елемеу – азаматтардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретін әрекет. Қабылданған шаралар нәтижесінде құқық бұзушы ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды", – делінген хабарламада. 

Автокөлік коммуналдық тұраққа қойылды.