Атырауда ұлы Жайық өзенінен табылған ана әділдік іздейді

Атырауда ұлының мәйіті Жайық өзенінен табылған ана әділдік іздейді. Осыдан екі жыл бұрын 7-сынып оқушысы Мерлан Сана достарымен Жайық өзеніне барып, содан оралмаған еді. 13 жасар жасөспірімнің денесі 4 күннен соң  зорға табылды. Қайғыдан қан жұтқан Анаргүл  Қасантаева жалғыз ұлын жоғары сынып оқушысы өзенге  қасақана  итеріп жіберді,- деген пікірде. Сондықтан  тоқтаған қылмыстық істің қайта тергелуін талап етеді.

Анаргүл Қасантаева жалғыз ұлымнан айырылған күннен бастап тыныш ұйықтамадым,- дейді. Бұрын-соңды суда жүзіп көрмеген баласының Жайық өзеніне өздігінен түспегеніне сенімді.  7-сыныптағы Мерланның әлімжеттік көріп жүргенін оған дейін мектеп басшылығына айтқан. Суға кету де сол жанжалдың жалғасы, күдікті әлі бостандықта жүр,-- дейді. 

АНАРГҮЛ ҚАСАНТАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Күдікті болмаса неге 60 мың теңге айыппұл төлеп, полицияның  тіркеуіне алынады. Екіншіден,  кәмелетке толмаған кейбір балалар 14  жаста ғой ол балалар, олардың ата-аналары біліп отырып, Мерланның Жайыққа итеріп жібергенін хабарламаған. Олар да жауапқа тартылсын.  Баламды өлтіргендердің перепискалары бар. Бәріміз  топпен жасадық деген.  Олардың аудиожазбаларының бәрі сараптама тағайындалып,  қаралсын.

Мерланның қазасы отбасын күйзелтіп жіберген. Туған әпкесі екі жыл бойы мектепке бармады. Өйткені Жайық жағасында болған балалардың бірі мектепке кездесіп қалып, «келесі кезек сенікі» деп айтып,- қызым қорқып келді,-  дейді Анаргүл Қасанғалиева. Ол тергеу әділ жүрмегенін айтады.

МЕЙІРІМ ЕРДӘУЛЕТ, ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Кешенді тергеу амалдарының нәтижесінде оқиғаға қатысы бар  барлық тұлғалар анықталып,  жауаптар алынып, және тиісті сараптамалар тағайындалған. Қылмыстың тергелу нәтижесінде күдікті деп танылған  жаасөспірімнің қылмыстық жауапкершілікке  жасы жетпеуіне байланысты Қылмыстық Процестік Кодекстің 35-бабы, 1 бөлігімен  қылмыстық іс тоқтатылған.

Жәбірленушінің заңды өкілі Инга Иманбай  екі мәрте тоқтаған істің қайта қаралуын сұрап, бас прокуратураға арызданған. Өйткені қылмыстық іс абайсызда емес, қасақана қазаға болғанын айғақтайтын дәлеліміз бар,- дейді,

ИНГА ИМАНБАЙ, ЖӘБІРЛЕНУШІ ТАРАПТЫҢ ЗАҢДЫ ӨКІЛІ:

Яғни баламен алдын ала итерген баланың өштескенін, мотив болғанын, яғни баланы кешкі уақытта Жайықтың бойына Жайық тасып жатқан кезде су көп болған кезде оның шомыла алмайтынын, яғни жүзе  алмайтынын біле тұра шақырып алып,  итеруінде абайысызда емес, қасақана қазаға ұшырату белгілері бар деп санаймыз.  Сондықтан біз дәл қазір істі қайта ашуды және 104 емес, 99 баппен саралауды талап етіп, бас прокуратураға қайта жүгініп жатырмыз.

Жәбірленуші тарап істің үшінші мәрте қайта тергелетінен үмітті. Айта кетейік, қайғылы оқиға 2024 жылы тамызда болған. Досының  ауласындағы жұмысқа көмектесуге кеткен Мерлан үйіне оралмады. Ал ата-анасы ұлының суға кеткенін достарынан емес, аулада ойнап жүрген балалардан естіген.