Трамп: «Ормуз бұғазын өзіміз бұғаттаймыз»

АҚШ пен Иран келіссөздері нәтижесіз аяқталды. Пәкістан астанасы Исламабатда тараптар 21 сағат бойы сөйлескенімен, келісімге келе алмады. Бірақ, Трампқа бәрібір. "Әншейін, сыпайылық үшін әңгімелестік. Әйтпесе, 3 кемесі ғана қалған елді, кез-келген сәтте құрта саламын", - дейді АҚШ Президенті. Трамптың осы сөзінен кейін, АҚШ ресми түрде Ормуз бұғазын өзі бақылауға алатын болды. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Иран ядролық қарудан бас тартпайды. Бұл туралы Пәкістандағы келіссөздер алаңында белгілі болды. Вэнс бастаған АҚШ делегациясы орындарынан тұрып, кетіп қалған. Ирандық делегация, Трамп бізден тым көп талап етті, - деп наразылығын жеткізуде.

ДЖЕЙ ДИ ВЭНС, АҚШ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

Келісімге келе алмағанымыз, әрине, жақсы жаңалық емес. Бірақ, бізге қарағанда Иран үшін, бұл тіптен нашар. Ирандықтардың не иә емес, не жоқ емес, түлкіше жылмаңдаған жауаптарынан шаршадық. Иранның ядролық қарудан бас тарту райын байқамадық.

Келіспесе, одан ары. Трамп келіссөздер туралы осылай деді. Онсыз да соғыста жеңілген елмен келіссөз жүргізудің қажеті жоқ, - деп баяғыдан-ақ айтқанмын, - дейді АҚШ Президенті.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мен үшін бұл келіссөздердің мән-мағынасы жоқ. Біз соғыс алаңында жеңдік. Иранның, не ұшақтары, не әуе қорғанысы кешендері жоқ. Кемелері де қалмады. 3 мина қойғышы қалды деп естігенмін. Оларды іздеп жүрміз. Олар болса, бізден қашып жүр. Олармен не деп келіссөз жүргіземіз?

Исламабадтағы келіссөздерден еш нәтиже шықпаған соң, Трамп, тағы бір жоспарының басын ашты. АҚШ енді Ормуз бұғазын өз бақылауына алмақ. Ақ үй басшысының айтуынша, сол кезде, барлығының жазасын береді.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Парсы шығанағында біз әлі 3 эсминец пен ұшақ тасымалдағыш кеме ұстап отырмыз. Олар, таяу арада Ормуз бұғазына кіреді. Сол кезде, Иранға әр кеме үшін 2 млн доллар төлеп отырған Еуропалық кемелерді де өткізбей қоямын. Ал, қайбір ирандық оқ атса, жанын жаһаннамға жіберемін.

Украинаның Кәрі Құрлықтағы басты жауы – Виктор Орбан сайлауда жеңіліс тапты. Экзитпол қорытындысы бойынша опоозициялық Тиса партиясы айқын басымдыққа қол жеткізді. Айта кетейік, Украина үшін қаржылай көмекті бұғаттап отырған жалғыз ел – Мажарстан.

ВИКТОР ОРБАН, ВЕНГРИЯ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Бұлай болады деп ойламағанымыз рас. Дегенмен, сайлау қорытындысын мойындаймыз. Оппозицияда болсақ та, ел мүддесі үшін жұмыс істейміз. Халық таңдауын құрметтеу керек.

Демалыс күндері Израиль шабуылынан Ливанда 300 бейбіт тұрғын қаза тапты. Хезболла шабуылын сылтауратып, Ливанға басып кірген Израиль, солтүстігіндегі көршісінің жерін тартып алуды да жоспарлап отыр.