Еліміз IT-қызметтер экспортынан 1 млрд доллардан астам табыс тапты

  • AstanaTV
  • 13 сәуір 2026

Еліміз IT-қызметтер экспортынан 1 млрд доллардан астам табыс тапты. Бұл отандық цифрлық өнімдерге сұраныстың артып, Қазақстанның жаһандық технологиялық нарықтағы орны нығайып келе жатқанын көрсетеді. Осы жетістіктің артында қандай жобалар тұр, стартаптар қалай дамып жатыр? Тілшіміз баяндайды.

Ел экспорты тек шикізатпен шектелмейді. Өркениет өрістегелі Қазақстан әлемге цифрлық өнімді де саудалап жатыр. Сарапшылардың айтуынша,бұл  инновациялық стартаптар басқа салаларға қарағанда тиімді әрі табысты.

БАУЫРЖАН ЫСҚАҚ, ЭКОНОМИСТ:

Егер де біз осы стартаптарды оның ішінде оны экспорттайтын аити стартаптарды дамытатын болсақ, ол біздің қосымша қаражат әкелетін, екіншіден, қандай да бір басқа мемлекеттердің арасындағы кикілжің, қақтығыстарға тәуелсіз болуымызға, үшіншіден, біздің ғылымға салынып жатқан қаражаттың нәтижесін көрсететін осы аити саласы.

Цифлық саладан түсетін қаражаттың басым бөлігі Astana Hubқа тиесілі. Оның резиденттерінің экспорты 633 млн АҚШ долларына жеткен. Бүгінде орталық арқылы 537 компания өз жобасын әлемдік нарыққа ұсынып, жұртты жұмыспен қамтып отыр. Солардың  бірі -Айбек Нұртазаевтың жасанды интелектіге негізделген аити стартабы.

АЙБЕК НҰРТАЗАЕВ, ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ:

Ол адам тәрізді 3д кейпіндегі жасанды компаньон. Ол адам тәрізді сіз оған қарай аласыз. Сіз онымен сөйлесе аласыз. Ол да сізді көреді, тыңдайды. Біздің жи ол 60 аса жи дің байланысуы арқылы жасалған.

Бүгінде бұл секторда 185мыңнан астам адам жұмыс істейді. Ізденістің ізіне түскен мамандар жасанды жүйені жүйелеп, стартаптарын әлемнің 110 еліне шығарып отыр. Мамандар мұнымен тоқтамақ емес. Алдағы уақытта да елдің ақпаратттық технологиялар саласындағы әлеуетін арттырып, ауқымын кеңейтуді көздейді.

ҒИЗЗАТ БАЙТҰРСЫНОВ, ҚР ЖИЦДМ ЦИФРЛЫҚ АКТИВТЕР ЖӘНЕ СЕРПІНДІ ТЕХНОЛОГИЯЛАР КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бүгінде біз қазақстандық IT-компаниялардың халықаралық нарықтарға шығуына, өз шешімдерін ауқымдандыруына және жаһандық цифрлық экономиканың бір бөлігіне айналуына дәйекті түрде жағдай жасап келеміз. 1 млрд долларлық меже - құрылған қолдау шараларының, экожүйені дамытудың және халықаралық деңгейде ілгерілетудің нәтиже беріп жатқанының маңызды көрсеткіші.

Цифрлық сектор экономиканың жаңа тірегіне айналып келеді. IT-экспорттағы өсім елдің бәсекеге қабілетін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға да мүмкіндік беріп отыр. Бұл  Қазақстанның жаһандық нарықтағы орнын айқындайтын маңызды қадам екені анық.