Халықаралық ұйымдар қазақстанның неонаталдық көмек саласындағы ілгерілеуін атап өтті

Фото: istockphoto

2026 жылғы наурызда жарияланған Дүниежүзілік банк тобының ДДҰ, ЮНИСЕФ, БҰҰ, IGME ұйымдарымен бірлесіп дайындаған есебіне сәйкес Қазақстанда неонаталдық өлім-жітім деңгейі (өмірінің алғашқы 28 күні) 1000 тірі туғанға шаққанда 3,9-ды құрады. Бұл 2025 жылдың қорытындысы бойынша Орталық Азиядағы ең төменгі көрсеткіш. Дамыған елдермен салыстырғанда Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша АҚШ-пен іс жүзінде теңесті, онда бұл деңгей 3,7-ні құрайды. Қазақстан неонаталдық көмекті дамытуда және жаңа туған нәрестелерді, соның ішінде дене салмағы өте төмен балаларды күтіп-баптауда елеулі нәтижелерге қол жеткізді.

Бүгінде елде салмағы 500 грамнан бастап нәрестелер республикалық орталықтарда да, өңірлік перинаталдық орталықтарда да сәтті күтімге алынады. Заманауи перинаталдық технологияларды енгізу мен мамандардың жоғары біліктілігінің арқасында мұндай балалардың өмір сүру көрсеткіші төрт есеге артты — бұл Орталық Азиядағы үздік нәтижелердің бірі. Жыл сайын Қазақстанда шамамен 20–22 мың шала туған нәресте дүниеге келеді — бұл жалпы босанулар санының шамамен 5%-ын құрайды. Сонымен қатар, акушерлік және неонатологиялық қызметтердің жүйелі дамуы өлім-жітімнің тұрақты төмендеуіне мүмкіндік берді:

• нәрестелер өлім-жітімі 10 жылдың ішінде 1,5 есеге азайды • неонаталдық өлім-жітім  2 есеге төмендеді • бүгінгі күні көрсеткіш тарихи минимумға жетті, 1000 тірі туғанға шаққанда 3,1.

Шала туған нәрестелерді күтіп-баптау - тәулік бойы жүргізілетін күрделі жұмыс. Ағзалардың жетілмеуіне байланысты мұндай жаңа туған нәрестелер тұрақты бақылауды қажет етеді, ал медицина қызметкерлері күн сайын 20-дан астам өмірлік маңызды емшараларды орындайды. Бұл нәтижелер — жоғары білікті әрі арнайы дайындықтан өткен неонатологтар мен мейіргерлердің үйлесімді еңбегінің жемісі.

Балалардың денсаулығын өмірінің алғашқы күндерінен бастап бақылауға ерекше көңіл бөлінеді. Елде скринингтің төрт түрі енгізілген: • неонаталдық • аудиологиялық • офтальмологиялық • даму скринингі Балаларды стационардан шыққаннан кейін де бақылауға алып, ықтимал бұзылыстарды дер кезінде анықтауға мүмкіндік беретін катамнез бағдарламалары дамытылуда. Қазақстанда халықаралық ұйымдар ұсынған қауіпсіз ана болу қағидаттары мен озық перинаталдық технологиялар жүйелі түрде енгізілуде. Жаңа туған нәрестелерді реанимациялау және қарқынды терапия қызметтері күшейтіліп, мамандар елімізде де, шетелде де тұрақты түрде оқытылуда. Алдағы даму шеңберінде неонаталдық көмекті ұйымдастыру стандарты бекітіліп, оның басты басымдығы - әрбір баланың өмірін сақтау болып айқындалды. Сонымен қатар, мерзімінен бұрын босанулар санын азайту, репродуктивтік денсаулықты нығайту және инфекциялардың профилактикасы негізгі міндеттер болып қала береді.