Қарағанды облысында басына мәдениет үйінің кірпіші құлаған бүлдіршіннің жағдайы ауыр

Қарағанды облысында басына мәдениет үйінің кірпіші құлаған бүлдіршіннің анасы кінәлілерді қатаң жазалануын талап етеді.  Сабина Қауапованың айтуынша, ғимараттың сыртқы қаптамасындағы плиткалардағы ақауға талай рет шағым түскеніне қарамастан ол бірнеше жылдан бері жөнделмей тұрған. Салдарынан оның 2 жарым жастағы ұлы хал үстінде жатыр. Бүлдіршіннің бас сүйегі тесіліп, көп қан жоғалтқан. Қазір дәрігерлер оның өмірі үшін  күресуде. 

Бұл видеоны 2 жарым жасар Сабина Қауапова кеше түсіріпті.   Әмір әкесімен бірге Бұқар жырау ауданының орталығы Ботақара кентінің мәдениет үйінің жанында тұрған кезде кенет ғимараттың бұрышынан 5 метрден үлкен плитканың 2 бірдей сынығы бірінен соң бірі баланың басына құлап түскен. Анасы ішке жұмысқа тұру үшін құжат тапсырып шыққан сәтте қан жоса болған ұлын көріп естен тана жаздағанын айтады. 

САБИНА ҚАУАПОВА, ӘМІРДІҢ АНАСЫ:

Біз бұған қатысы бар барлық кінәлілерді табуды талап етеміз. Бұл жұмысты кім қабылдап алды, кім жасады? Бұл плиталарда бірде бір шеге, цемент, не желім болмады. Барлық ғимаратты тексеру қажет. Бұл бұрыш сапасыз болса, демек барлық қасбет солай жасалды деген сөз. Оның үстіне бұған дейін де ғимараттың қабырғасынан плиткалар бөлініп түскен, оны байқаған адамдар бірнеше рет шағымданыпты. Сол кезде неге ол жөнделмеді?

Бала қазір Бұқар жырау аудандық ауруханасында жан сақтау бөлімінде жатыр. Бас сүйегі сынып, миы зақымданған. Көп қан жоғалтыпты.   Қазір ол жасанды комада жатыр.

ҚУАНДЫҚ МҰСТАФИН, БҰҚАР ЖЫРАУ АУДАНДЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Бала ауруханаға түскелі қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Штаттан тыс нейрохирург, реаниматологтан кеңес алдық. Санавиация бригадасы нейрохирург және реаниматолог келіп кетті. Біздің дәрігерлермен бірлесіп ота жасалды. Жағдайы тұрақты ауыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бақылауында. Тұрақты консилиумдар өткізіп,  жағдайын бақылап отырмыз.

Мәдениет үйі 1970 жылдары салынған. 2022 жылы қабырғасы дәл осы плиткалармен қапталыпты. Алайда екі жылдан соң бір бұрышы босап түсе бастаған. Бірақ мердігер әне- міне деп келем деп ақыры жөндемей қашып кеткен.

МЕЙІРЛАН ҚАЛИ, БҰҚАР ЖЫРАУ АУДАНДЫҚ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

2024 жылы осы көріп тұрған бұрыш негізі бір ақау табылып бірақ соны мердігер келіп жасап береміз, келеміз деп құрғақ уәдемен айтты. Бірақ кейін ол компания айтқанымыздай банкрот жабылып қалды. «АзияНұр- 2030» иесі Нұржан мырза. Содан кейін өзіміздің күшімізбен әрекетпен бұны тексердік, адам өміріне бір қауіп төндіріетіндей жағдай болмағандықтан бұны арнайы бір мамандарға істету үшін күттік.

Оқиғаға қатысты қылмыстық іс  қозғалды.

БАҚЫТЖАН ҚҰДИЯРОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:

Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызмет көрсету» бабы негізінде қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән- жайын жан- жақты әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.

Айта кетейік аталған бап бойынша кінәлі тұлғалар 2 жарым млн теңге көлемінде айыппұл төлеу немесе 40 тәулікке дейін қамау жазасы қарастырылған. Сондай- ақ лауазымды тұлғалар белгілі бір қызметпен айналысу құқынан 3 жылға дейін айырылуы мүмкін.