Туған күн мен отбасылық шараларға жиналған ақша үшін мобильді аударымдар тексерілмейді

  • AstanaTV
  • 14 сәуір 2026

Туған күн мен отбасылық шараларға жиналған ақша салық нысанына жатпайды. Бұл санаттағы аударымдар кәсіпкерлік қызмет болып саналмайды. Сондықтан олар үшін алаңдауға негіз жоқ. Дегенмен бақылаудың өз талаптары бар. Егер азаматтың картасына үш ай қатарынан, ай сайын жүзден астам түрлі адамнан ақша түссе және оның жалпы сомасы бір миллион теңгеден асса, жүйе мұны бизнес ретінде бағалайды. Айта кетейік, қазір елде мобильді аударымдарды тексеру процесі жүріп жатыр және ол 15 сәуірге дейін жалғасады. Егер тексеруге ілінген қаражаттың бизнеске қатысы жоқ екені дәлелденсе, азамат бақылаудан босатылады. Министрлік өкілдері кәсіпкерлерге жеке шығындар мен бизнес кірістерін шатастырмау үшін арнайы шоттарды пайдалануды ұсынады. Ал жеке тұлғалар күнделікті тұрмыста мобильді аударымдарды бұрынғыша еш кедергісіз қолдана бермек.

ЕРЖАН БІРЖАНОВ, ҚР ҚАРЖЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Туған күнге немесе осы сияқты басқа іс-шараларға жиналған қаражат бақылауға жатпайды. Бизнес аударым болмаса, бұл процестен Қазақстанның ешбір азаматына залал келмейді. Бір адамда жеке кәсіпкерлігіне арналған және жеке өзіне байланған банк картасы болады. Егер ол жеке кәсіпкер бола тұра, жеке картасына туған күніне орай жан-жақтан қаражат аударылса, мұны кәсіпкерлік ретінде санамаймыз.