Трамп Ормуз бұғазын бұғаттады

Трамп ақыры Ормуз бұғазын бұғаттады. Енді Ирандық кемелерді төбесінен қарап тұрып, жойып жібереміз. Одан соққы жасау сәтін бүкіл әлемге таратамыз, - деп АҚШ Президенті соңғы ескертуін жасады. Одан бөлек, Трамп өзін Иса Пайғамбарға теңеді. Мен адамдарды емдей аламын, - дейді Ақ үй басшысы. Израиль басшысы Биньямин Нетаньяху болса, Таяу Шығыста жақын арада бейбітшілік болмайды, - деп Ливанға қарсы әскери экспанциясын жалғастыруда. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Трамп дегеніне жетті. АҚШ әскері Ормуз бұғазын бұғаттады. Бұл туралы Ақ үйдің кіреберісінде Президент журналистерге берген сұхбатында жариялады. Трамптың айтуынша, Иран ядролық қарудан бас тартпаймыз,  деп ашығын айтқан. Осы жайт АҚШ Президентінің ашуын туғызды.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Кейбір елдер қазірдің өзінде маған көмек ұсынып, хабарласып жатыр. Менің айтарым, олар – түкке де керек емес. Өзіміз-ақ, барлығын қатырамыз. Егер бір кеме көрсек, күлін көкке ұшырамыз. Иран ешқашан ядролық қару жасамайды. Мен оған жол бере алмаймын. Бұл үшін мен ештеңеден тайынбаймын. Мен оларды аяп отырсам, берген жауаптары осы болса. Шешім қабылдай алады-ау деген бүкіл сұмырайды қырып тастау керек болса, оны да істеймін.

Трамп өзін Иса Пайғамбарға теңеді. Күні кеше өзінің жеке әлеуметтік желісінде тиісті сурет жарияланған еді. АҚШ Президенті еш қымсынатын емес. Адамдарды емдей алатын қабілетім бар деп – көпшілікті таңқалдырды.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мен бүкіл әлемдегі зардап шеккен балаларды емдеймін. Қызыл Крестке көп ақша жұмсап жатырмыз. Кейбір басылымдар мені жек көреді. Олар менен қорқады. Бірден жалған хабар таратқанын көріп отырмын. Менің не айтқым келгеніне өрелері жетпейді.

Таяу Шығыста әзірге бейбітшілік болмайды. Биньямин Нетаньяху осындай мәлімдеме жасады. Израиль Премьер-министрінің айтуынша, Иран оңайлықпен берілмейді. Оның Ливан мен Йемендегі прокси-күштері соғысудан алдарына жан салмайды. Нетаньяху осылай деп өзінің Ливандағы агрессиялық әрекеттерін ақтауға тырысты.

БИНЬЯМИН НЕТАНЬЯХУ, ИЗРАИЛЬ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Мен жуырда АҚШ вице-Президенті Джей ди Вэнс мырзамен сөйлестім. Оған аймақтағы жағдай туралы толық ақпарат бердім. Біз қазір Америка Құрама Штаттары қолға алған бүкіл әрекеттерді қолға алып отырмыз. Бірақ, проблеманың қаншалықты күрделі екенін біз ғана іс жүзінде түсінеміз. Сондықтан, бүкіл лаңкестің көзін жойғанша тоқтай алмаймыз.

Мажарстанда Тиса партиясы сайлаудағы жеңісті әлі тойлап жатыр. Болашақ мемлекет басшысы Петер Мадьяр Еуроинтеграция мен Украинаға көмекті қалпына келтіремін деп уәде беріп қойды. Ал, оның жақтастарының бірі сайлаудағы жеңіске арналған брифингте сахнаға шығып, билеп, көпшілікке күлкі мен керемет көңіл-күй сыйлады.