...Жол барда ор табылар, тұяққа жүгіретін.
Аттың да қорқағы бар, сақсынып сүрінетін.
Қиқулап жар салдың ба,тағдырдай даралайтын –
Аттар бар қарсы алдында құз тұрса қарамайтын... Жұматай ақынның осы жолдары, одан кейін Сыр сүлейі Дүр Оңғардың: Жамандар көкірегін көтергенмен,тең келіп жақсылармен ол пар болмас, -деген термесі есіме түскені. Өмір-бәйгесінде қожайынынан айырылып, іркілген аттар... Дегенмен аламан бәйгеден шығып қалған жоқ. Жазық жануарда емес ғой. Сотталған кәсіпкер Тоқтар Төлешовтың сәйгүліктері туралы Айзада Төребекқызының репортажы.
Бұл – Эластик. Ағылшын-тракен тұқымды сәйгүлік кедергіден секіруге бейімделген жануар. Эластик жаттығуды ұзақ үзілістен кейін қайта бастап отыр. Ол «сыра королі» атанған атышулы Тоқтар Төлешовтың меншігінде болған жылқылардың бірегейі. Классикалық ат спортына бейім жануар неліктен үзілісте болғанын сәл кейін айтайын, алдымен алдағы үлкен дода жайында.
Эластик ақпан айының 15-де Алматыда басталатын Қазақстан кубогі үшін жарысқа қатысады.
Аяжан Қонақбай, шабандоз, спорт шеберіне кандидат:
Екі-үш апта бұрын осы Эластикті маған берді. Былай қарағанда өзі үлкен болған соң қорықтым жақындауға, қарасам ол негізі мүлде өзін басқаша ұстайды, үлкен болғанмен мінезі жақсы. Адамды қорқытпайды, шошымайды. Өйткені ол жасы да келіп қалған, 17 жас аттарға өте үлкен жас болғаннан кейін өзінің тәжірибесі де бар.
Эластик те Аяжанға бауыр баса бастапты. Әлі біраз жұмыс істеу қажет болғанмен, бір бірімізді тез ұғатын дәрежеге жетіп келеміз,- дейді шабандоз қыз.
Аяжан Қонақбай, шабандоз, спорт шеберіне кандидат:
Басқа аттар сияқты ол да тәттіні жақсы көреді. Мысалы, жұмысты істеп болғаннан кейін бірден маған келіп, қалтамнан иіскеп, қант іздей бастайды.
Эластик Тоқтар Төлешовтен тәркіленген жылқылардың ең бағалысы. Құны 2,5 млн теңге шамасында. Сәтін салса, әлі де биік белестерді бағындырады,- деп сенеді жаттықтырушы Шалқар Намазов. Өйткені Эластикті кезінде талай додаға өзі баптап қосқан.
Шалқар Намазов, Кеңес Одағының спорт шебері, жаттықтырушы:
Оның үстінде басқа спортсмендер отыратын, өте атақты спортсмендер отыратын. Солар көрсеткен өнерлерін. Одан кейін біраз жыл тұрып қалды, бұл жылқы. -Неге тұрып қалды, қанша уақыт тұрып қалды?
-Ол кезде енді бәрі тоқтап қалды. Ол жақ ешкімді кіргізбейтін. Ешкімді жолатпайтын. –Қай жақ? - Тоқтардың аттарына да.
Кеңес Одағының спорт шебері, жаттықтырушы Шалқар Намазовтың білуінше ол уақытта Тоқтар Төлешовке сәйгүліктерінің оза шапқаны аса маңызды болмаған көрінеді.
Шалқар Намазов, Кеңес Одағының спорт шебері, жаттықтырушы:
Оған енді үлкен дәреже керегі жоқ. Әшейін аттарын көріп, өнерлерін көрсетсе деп, сондай дәрежеде жүрген.
Ұзақ үзілістен соң сәйгүліктердің бүгінде «екінші тынысы» ашылғандай.
Ұлттық спорт мектебінің жаттығу алаңында Хан, Золотой және Ават атты тағы үш жылқысы классикалық ойынға бейімделіп жатыр.
Шалқар Намазов, Кеңес Одағының спорт шебері, жаттықтырушы :
«Ханымыз» 9 жаста болғанмен әлі жарыстарға қатыспаған. Өзіміз қазір осы жерден үйретіп, қалай жарыстарда көрсетеді деп сол, одан кейін анау «Золотойымыз», ол да «Ақалтеке» дейміз ғой, Ақалтеке сәл қырсықтау болады.
Айта кетейін, «мемлекеттік төңкеріс» жасамақ болды деп сотталған Төлешовтен тәркіленген дүние-мүліктің қатарында үш түйе мен 29 жылқы жергілікті биліктің меншігіне өткен болатын. Қамбар ата төлінің 24-і өткен жаздан бері облыстық балалар мен жасөспірімдерге арналған ұлттық спорт мектебінің қарамағында. Төртеуін жарысқа дайындап жатыр.
Айзада Төребекқызы, тілші:
Ұлттық спорт мектебінің атқорасында Төлешевке тиесілі болған тағы жиырма жылқы тұр. Оның басым бөлігі кәрі. Соның бірі Хейба ныспылы мына бие. Немістің таза «Тракен» тұқымды жылқысы. Оның жасы қазір 18 –де, жарысқа қатысуға жарай қоймайды. Сондықтан атбегілер оның тым болмағанда тұқымын алып қалуға тырысу керектігін айтады.
Төлешовтен тәркіленген 24 жылқының 11-і бие, қалғаны айғыр. Дегенмен барлығы бірдей асылтұқымды емес көрінеді. Ұлттық спорт мектебінің басшылығы спорттық сайыстарға қатысуға жарамайтын жылқыларды құр босқа ұстау қажет емес деп ойлайды. Сондықтан жасы жеткендерін сату, не басқалай амалын қарастыру туралы тиісті орындарға ұсыныс әзірлеп жатыр.
Ғани Ахметбаев, ОҚО балалар мен жасөспірімдерге арналған мамандандырылған ұлттық спорт мектебінің директоры:
Қазіргі таңда енді біз бұлардың толыққанды жем-шөбі мен оған қарайтын ат күтушілерімен бәрі қамтамасыз етілген. Бірақ сонда да біздің ойымыз осында оншақты жылқылар бар, олардың жасы үлкейген, онан кейін спортқа бейім емес жылқылар. Соларды біз ұсыныспен билік өкілдеріне шыққымыз келіп отыр. Егер де мүмкін болатын болса оны басқа да өзі құзырлы осы мемлекеттік мекемелерге өткізуіне.
Ұлттық спорт мектебі үміт артып отырған және бір айғыр бар. Ол да Төлешовке тиесілі болған. Сәтін салса, алдағы жазда аламан бәйгеде бақ сынамақ.
Нұралы Нуриев, жаттықтырушы:
«Блокпост» деген айғыр. Жасы бесте. Өзі ағылшын тұқыммен арабша тұқым. «Англо-араб»- дейді ғой. Сол енді бір апта он күн болды дайындалып жатқанына бәйгеге. Жаттығуда енді сәл несі бар өзінің, горячий дейді ғой, қызбасы. Өзінің қаны сондай ғой. Жылдамдығы жақсы, ұшқыр, тексеріп көрілген ат.
Төлешовтен тәркіленген жылқылардың бесеуі және 3 түйе Шымкенттегі жануарлар бағына өткізілген. Онда екі ат өлген. Ал бір түйе боталаған...
Айзада Төребекқызы, Серік Талас «Біздің уақыт».