"Біз заңға алғаш рет «ғылыми аумақ» ұғымын енгізіп отырмыз", - депутат

Фото: ҚР Парламент Мәжілісі

Қазақстанда ғылым қалашықтары мен ғылыми-технологиялық парктер құрылады

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екінші оқылымда қаралып, қабылданды.

-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым қалаларын құру жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Сол тапсырманы іске асыру үшін біз заңға алғаш рет «ғылыми аумақ» ұғымын енгізіп отырмыз. Ол жеке елді мекен — ғылым қаласы (Курчатов сияқты) немесе ғылыми-технологиялық парк форматында болуы мүмкін. Бұл — ғылым, білім және өндіріс бір жерде тоғысатын нақты құқықтық режим болмақ, - деді Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов.

Ғылым мәселелері бойынша заңнамалық түзетулер елдің ғылыми-технологиялық және инновациялық әлеуетін нығайтуға бағытталған. Осы мақсатта ғылыми және технологиялық ресурстарды тиімді шоғырландыру, жоғары технологиялық өндірістерді дамыту және ғылымның инвестициялық тартымдылығын арттыру тетіктері ұсынылады.

Атап айтқанда, ғылымды қажетсінетін аумақтарды дамытуға құқықтық негіз қалыптастырылады. Олар ғылым қалашықтары және ғылыми-технологиялық парктер форматында дамиды. Ғылым қалашықтары – ғылымды қажетсінетін технологиялар мен инновацияларды дамытуға жағдай жасалатын елді мекендер болса, ғылыми-технологиялық парктер – жоғары оқу орындары, ғылыми институттар мен өндірісте ғылыми әзірлемелерді енгізген кәсіпорындар базасында құрылады.

Олардың негізгі мақсаттары мен міндеттері, басқару және қаржыландыру тетіктері, сондай-ақ қызметін бақылау және мониторинг жүргізу тәртібі айқындалады.

Бұдан бөлек, ғылымды қажетсінетін аумақтарды дамытуға ынталандыру шаралары және ғылым қалашықтарына қатысушы ғылыми қызметкерлерді әлеуметтік қолдау тетіктері бекітіледі.