"Бизнеске несие алу жеңілдейді": Қазақстанда жаңа агенттік пайда болады

Несие алу жеңілдей ме, әлде қиындай ма? Бүгін Мәжіліс елімізде төл рейтинг агенттігін құру туралы заңды мақұлдады. Бұл құжат бизнес үшін арзан ақшаға жол ашқанымен, қарапайым халық арасында «несие алу қиындайды, бөліп төлеу шектеледі» деген үрей басым. 45 триллион теңге айналған нарықта кімнің абыройы артып, кімнің мүмкіндігі шектеледі? Әріптесім Ақбота Базарбай тарқатып айтады.

АҚБОТА БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Қазақстанның капитал нарығы алып айсберг секілді. Сырты бүтін, цифрлары көз қуантады. Соңғы бес жылда акциялар нарығы 115 пайызға өсіп, 45 триллион теңгеге жуықтады. Бірақ осы алып құрылымның іргетасы - ұлттық рейтинг жүйесі әлі жоқ. Біз әлі күнге дейін халықаралық агенттіктердің аузына қарап отырмыз. Мәжіліс бұл олқылықты заңмен шегелемекші. Бірақ депутаттардың күмәні сейілді ме?

МҰРАТ ЕРГЕШБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бүгінгі таңда рейтинг қызметтер нарығын іс жүзінде әлемде үлкен үштік бақылайды. Олардың рейтингтері шын мәнінде халықаралық қаржы нарықтарына кіру билеті болып табылады. Қазақстанда мұндай рейтингтер негізінен банктерде бар.

Капитал нарығындағы тартылыс заңы өзгеруде. Жаңа заң бизнеске, әсіресе орта кәсіпкерлерге инвестор алдында абырой жинап, банктерден арзан несие алуға көмектесуі тиіс. Бірақ нарықтағы бұл «темір тәртіп» қарапайым тұтынушыларға қалай әсер етеді?

ҚАРАҚАТ ӘБДЕН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Жалпы рейтинг дегеніміз инвесторлар шешім қабылдағанда тікелей сүйенетін маңызды құрал. Сондықтан да ондағы кез-келген қателіктер жалпы нарықтағы сенімге өте әсер етеді. Алайда, заң жобасын қарайтын болсақ, бұл жерде агенттіктің жауапкершілігі жалпы түрде ғана көрсетілген.

Депутаттардың алаңдауына негіз бар. Қазіргі таңда тұтынушылық несиені шектеу, бөліп төлеу мерзімін қысқарту мәселесі де қызу талқыда. Жаңа рейтинг агенттігі қаржы нарығын ретке келтіргенімен, несие алудың жаңа талаптары төлем қабілеті төмен азаматтар үшін тосқауыл болуы мүмкін. Сондықтан жаңа заң жобасы агенттіктерді жай ғана бақыламайды, оларды темір тәртіпке салады. Тәртіп бұздың ба, айыппұл арқалайсың, болмаса лицензияңнан айырыласың.

МӘДИНА ӘБІЛҚАСЫМОВА, ҚР ҚАРЖЫ НАРЫҒЫН РЕТТЕУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Енді жауапкершілікке келетін болсақ, бұзушылықтар анықталған кезде қадағалау шаралары қолданылады. Оның ішінде басшы қызметкерлерді қызметтен шеттету көзделген. Бұдан басқа халықаралық және шетелдік рейтингтік агенттіктерді тануды кері қайтарып алу тетігі көзделген.

Бірақ басты сауал «Кім төлейді, сол билей ме?». Жоспар бойынша, агенттік құрамына Ұлттық банк пен халықаралық ұйымдар кіреді. Бірақ ешбір акционердің үлесі 10 пайыздан аспауы тиіс. Бұл лоббизмге қойылған тосқауыл. Дегенмен, мемлекет қатысқан жерде еркіндік бола ма?

ЕРЛАН САИРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Талпыныс өте дұрыс. Қазақстанға рейтинг агенттігі керек. Бірақ бұл агенттік мемлекеттік агенттік болады. Міне осы жерде мемлекет өзі заң бастамашы, өзі нарық реттеуші, және өзі рейтинг тапсырыс беруші. Міне осы жерде мүдделер қақтығысы тұр.

Реформаның ауқымы кең. Бір жағынан бизнеске арзан капитал алуға жол ашса, екінші жағынан халыққа қатаң бақылау орнатпақ. 7 тарау, 30 баптан тұратын заң жобасы нарықты жалтақтаудан құтқаруы тиіс. Бірақ арзан несие тек таңдаулы кәсіпкерлерге ғана бұйырып, халық бөліп төлеуден де қағылып қалуы мүмкін.

АҚБОТА БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Заң жобасы бірінші оқылымнан өтті. Бұл қаржы нарығы үшін үлкен қадам, бірақ соңғы нүкте емес. Қазақстанның өзіндік төл төрешісі пайда болғанда, нарық ойыншылары жалтақтауды қоя ма? Ең бастысы жаңа агенттік мақтау қағазын үлестіретін кеңсе емес, нақтылықтың символына айналуы тиіс. Оны уақыт пен алғашқы рейтингтер көрсетеді.