Алматы облысының Шелек ауылында дәрі-дәрмек қалдықтары қоқысқа тасталған

  • AstanaTV
  • 15 сәуір 2026

Алматы облысының Шелек ауылында дәрі-дәрмек қалдықтары қоқысқа тасталған. Тексеру барысында полицейлер әртүрлі санаттағы медикаменттерді анықтады. Заң бойынша мұндай қауіпті қалдықтар тек арнайы ұйымдар арқылы жойылуы тиіс.   Алайда, санитарлық талап өрескел бұзылған.

Аурухана маңындағы ашық жатқан қоқыс жәшігінде қолданылған дәрінің бос құтысы, екпе кезіндегі катетр, жарамдылық мерзімі өтіп кеткен дәрі-дәрмектер жатқан. Тексеріс кезінде түсірілген бейнежазба әлеуметтік желіде тарады. Аурухана басшысының айтуынша, балалар бөлімшесінде болған оқыс оқиғада дәрігерлер сұрыптау кезінде қателік жіберген. Мұндай оқиға бірінші рет деп сендірді.

АЛМАС ХУДАЙБЕРГЕНОВ, АУРУХАНА БАСШЫСЫ:

Қазіргі таңда түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Ол жерде кінәлі адамдарға сөгіс жарияланды балалар бөлімшесіне. Директор орынбасарына ауызша ескерту, эпидемолог врачымызға, сосын бас мейірбекемізге ауызша ескерту жарияланды. 

Заң бойынша мұндай қалдықтар арнайы бөлмеде сақталып, тек белгілі бір ұйымдар арқылы жойылуы тиіс. Оқиға орнына санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары шақырылған. Тергеу жұмыстары жүргізіліп, медициналық мекеме басшылығына айыппұл салынды.

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:

Аталған факт бойынша Шелек ауылындағы аудандық аурухана әкімшілігі қызметтік тексеру жүргізді. Тексеру барысында медициналық қалдықтарды кәдеге жарату ережелерін бұзуға жол берген қызметкерлер анықталды. Кінәлі тұлғаларға, оның ішінде медициналық мейіргерлерге, эпидемиолог дәрігерге және басшының орынбасарына қатысты тәртіптік шаралар қолданылды. Егер мердігер ұйымдар тарапынан келісімшарт талаптарының бұзылуы анықталған жағдайда, оларға Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес шаралар, соның ішінде келісімшартты бұзу шаралары қолданылатын болады.

Бүгінде қоқыс жәшігінің айналасын қоршап, есігіне құлып салынған. Аурухана басшысы енді мұндай жағдай қайталанбайды деп уәде берді.