Бас прокуратура тұрғындарға үндеу жасады

Фото: gov.kz

Қазақстанда ауа райының жылынуына байланысты балалардың терезеден құлап кету жағдайлары жиілеп барады. Бас прокуратура осыған байланысты қазақстандықтарға үндеу жасады.

Негізгі себеп – ересектер тарапынан тиісті бақылаудың болмауы. Тәжірибе көрсеткендей, көп жағдайда балалардың аз да болсын назардан тыс қалуы қайғылы салдарға әкеледі.

«Ашық терезелер мен қауіпсіздік сезімін жалған түрде қалыптастыратын москиттік торлардың болуы ерекше қауіп төндіреді. Москит торы баланың салмағына есептелмегенін және оны ұстап тұра алмайтынын естен шығармаған жөн. Жүргізіліп жатқан ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына қарамастан, мұндай оқиғалар жылсайын тіркелуде. Мемлекет тарапынан мұндай жағдайлардың алдын алуға бағытталған қажетті заңнамалық шаралар қабылданған. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңға сәйкес (27-2-баптың 2-тармағы және 27-2-баптың 3-тармағы) құрылыс салушылар жаңа тұрғын үйлерде терезе ойықтарын құлыптармен және қауіпсіздік механизмдерімен қамтамасыз етуге міндетті», – делінген прокуратураның хабарламасында.

Сондай-ақ «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сәйкес (51-1-баптың 5-тармағының 3 тармақшасы, 51-5-баптың 2-тармағының 3 тармақшасы және 51-6-баптың 4-тармағының 2 тармақшасы) пәтер иелерінің қауіпсіз тұруын қамтамасыз ету мәселелері мүліктің меншік иелері бірлестігі, пәтерлер меншік иелерінің кооперативі және басқарудың өзге де нысандарының құзыретіне жатады.

Алайда негізгі себеп – адами фактор болып отыр.

Осыған байланысты Бас прокуратура ата-аналардың назарын қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңыздылығына аударады:

  • жас балаларды қараусыз қалдырмау;
  • жиһазды терезе маңына қоймау;
  • терезелерге арнайы блокираторлар мен шектеуіштер орнату;
  • баланың терезеге өз бетінше қол жеткізу мүмкіндігін болдырмау.

Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдамағаны үшін ӘҚБтК-нің 127-бабына сәйкес 20 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамақ түрінде жауапкершілік көзделген. Тек 3 айдың ішінде осы бап бойынша 8 мыңнан астам ата-анамен заңды өкіл жауапкершілікке тартылды.

Балалардың өмірі мен денсаулығы үшін бірінші кезекте жауапкершілік ата-аналарға жүктелетінін түсіну қажет. Бас прокуратура азаматтарды қырағылық танытуға және қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін жағдайларға жол бермеуге шақырады.