Алматылық бойжеткен жігітті кездесуге шақырып, кейін айдалаға алып кетіп, таныстарымен бірге ақша талап етіп, бопсалаған. Тізерлетіп тұрып видеоға түсіріпті. Күдіктілердің мақсаты не? Жәбірленуші не дейді? Оқиғаның мән-жайын тілшіміз Әйгерім Есенкелді анықтап көрді.
Әлеуметтік желі арқылы танысқан бойжеткен жігітті қиын жағдайда екенін айтып кездесуге шақырған. Артынша бейтаныс біреулер келіп, мейрамхана алдында жұлқылап, күштеп көлікке отырғызып, тауға алып кетіпті.
ІЛИЯС ҚОЖАБАЙ, ЖӘБІРЛЕНУШІ:
Ол қызды менің бір дос балам ақшаға лақтырған екен. Мені сол үшін алып кетіп, балалармен бірге машинаға тиеп алып кеткен еді. 500мың теңге талап етті. Тауда біраз қорлықтан жерде жатып аунағаннан кейін, қатты қорқып қалдым. Басқа амалым болмады, телефон болмады, телефонымды тартып алған еді.
Жәбірленушінің айтуынша, бойжеткен одан жеке суреттерін таратты деп те күдіктеніп, телефонын ақтарған. Бірақ ешқандай айғақ табылмаған. Ілияс ақшаны табамын деп кеткен соң полицияға дереу хабар беріп, күдіктілер уақытында ұсталды.
САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, ҚАЛАЛЫҚ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:
Аталмыш дерек бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасымен ҚР ҚК нормалары бойынша қылмыстық іс қозғалып, 4 күдікті бірден ұсталып, уақытша оқшаулау изоляторына қамалды. 11 наурыз күні іс материалдары ұйғарым шығару үшін сотқа жөнелтілді.
Қазір іс сотта қаралып жатыр. Алайда айып тек бопсалау бабымен шектелген. Заңгердің сөзінше, жағдайды ауырлататын бірнеше фактор бар. Соған қарамастан, іс бір ғана баппен қаралса, күдіктілер жеңілірек жаза алуы мүмкін. Ол бойынша 3 жылдан 7 жылға дейінгі бас бостандығынан шектеу жазасы көзделген.
ҚАЙРАТ МОЛДАХМЕТОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ЗАҢ КОНСУЛЬТАНТТАРЫ ПАЛАТАСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Заңгер ретінде мұнда ұрлау фактісі бар деп есептеймін және сол уәжімізді сотқа айтқанбыз. Өйткені бұл жақта тек қана бопсалау бабы бойынша ғана қаралып жатыр. Біз сотқа қайтып істі прокуратураға қайтаруын сұрадық, өтініш тастадық. Бір сот отырысында ақ. Бірақ сот қанағаттандырусыз қалдырды біздің өтініш хатымызды.
4 күдікті үй қамаққа алынған. Жәбірленуші тарап істің толық әрі әділ қаралуын талап етіп отыр.