Азаматтардың несиесі кешіріледі

  • AstanaTV
  • 16 сәуір 2026

Енді борышкерлердің несиесі кешіріледі. Бірақ, бұл - банкке берешегі бардың бәріне бірдей жеңілдік болады деген сөз емес. Кімнің қарызы кешіріледі, кешірімнен үміттілерге қандай талап бар? Тілші тарқатсын.

Иә, қарызды кешіру қарастырылғанымен, бұл мүмкіндік барлық азаматқа бірдей берілмейді. Жеңілдік тек табысы ең төменгі жалақыдан, яғни 170 мың теңгеден аспайтын және атында ешқандай мүлкі жоқ борышкерлерге қарастырылған. Егер берешектің өтелмегеніне 5 жыл өтсе, ешқандай талапсыз өтінім қабылданады. Ал бұл өзгеріске халықтың ойы қандай?

БЛИЦ:

- Несие кешірілгені дұрыс енді. Қара халықтың жағдайын ойлау керек қой.

- Мүмкін жағдайы жоқтарға кешіруге болатын шығар. Бірақ әркім өзі алғаннан кейін өзі төлеп құтылған жақсы ғой негізі.

- Жағдайы жоқ, көпбалалы, зейнеткелердің кешірсін енді кредиттерін.

Қарызды есептен шығару процесі арнайы база арқылы автоматты түрде анықталады. Егер борышкер талапқа сай келсе, СМС хабарлама жіберіледі. Алайда, жеңілдікке ілінгендердің 5 жыл бойы несие ала алмайтыны тағы бар.

БЕКНҰР СЕЙТЖАНҰЛЫ, ЭКОНОМИСТ:

Бұл жерде әрқайсысын ерекше қарау керек. Ерекше мүмкіншілігін, алдында тәртіпті бұзды ма, бұзған жоқ па? 5 жылдан кейін, 5 жыл күтеді да қайтадан несие алады. Сосын оны да кешіру керек. Солай солай. Ондай статистикаға кірмеу керек. Егер бір екі рет солай тәртіпті бұзса, ондай адамдарға несие бермеу керек деп ойлаймын.

Сарапшылардың пікірінше, мәселенің түпкі шешімі - қарызды жаппай кешіру емес, қаржылық тәртіпті күшейтіп, халықтың төлем қабілетін арттыру. Өйткені бүгінде банкроттық рәсіміне өтініш беруге мүмкіндігі бар жүздеген мың адам болса да, көпшілігі асығар емес.

МӘДИНА ӘБІЛҚАСЫМОВА, ҚР ҚАРЖЫ НАРЫҒЫН РЕТТЕУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бүгінде 70 мың адам бокнроттыққа өтінім бергенімен, 500 мың адам мұны қолданбай жүр. Яғни, банкроттықты алуға мүмкіндіктері бар, бірақ өтінім жазуға асықпайды.

Алдағы өзгерістерге сәйкес ипотека алу талаптары да күшейтіледі. Енді банктер азаматтардың тұрақты табысына ерекше мән береді. Егер зейнетақы және медициналық сақтандыру жарналары уақытылы түспесе, несие рәсімдеу мүмкіндігі шектеледі.