Ақтауда үй басқарудың тиімді жолдары талқыланды

Ауланы қалай тегін абаттандыруға болады және коммуналдық мәселелерді кім шешуі тиіс? Ақтауда өткен «TURGYNDAR AMANATY» форумында мүлік иелері бірлестіктері мен пәтер иелері кооперативтерінің басшыларына осы сұрақтардың жауабы  түсіндірілді. ««AMANAT»» партиясы ұйымдастырған жиында үй шаруасын дөңгелетудің қыр-сыры сөз болды. Бүгінде елдегі екі жарым миллионнан астам үйдің басым бөлігінде қызмет көрсету сапасы сын көтермейді. Көбіне үй басқарушылары құжат толтыруды немесе мемлекеттен көмек сұрауды білмей жатады.  «TURGYNDAR AMANATY» жобасы дәл осы мәселені шешу үшін қолға алынған. Форумда мамандар заңдағы жаңа өзгерістерді жай тілмен түсіндіріп, ауланы абаттандыруға қалай өтінім беру керектігін көрсетті. Мұндай кездесулер еліміздің жеті өңірінде өткен.  Енді тұрғындар кез келген уақытта партия филиалдарындағы фронт-кеңселерге немесе тәулік бойы жұмыс істейтін байланыс орталығына хабарласып, кеңес ала алады. Ал жиналған барлық арыз-шағымдар мен ұсыныстар  республикалық деңгейде қаралады.

ЕРЖАН ЖЫЛҚЫБАЕВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:

Ең бастысы «Халықтық қатысу бюджеті» туралы ақпаратты жеткізу. Көптеген үй төрағалары ауланы жөндеуге немесе конкурсқа қатысуға құжатты қалай дайындау керектігін білмейді. Сонымен қатар, біздің депутаттар заңға маңызды өзгерістер енгізді. Мәселен, үш деңгейлі бюджет деген сияқты тетіктерді халыққа дұрыс түсіндіруіміз қажет.

Өз кезегінде облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Өңір басшысы бұл бағытта инфрақұрылымды жаңғырту, цифрлық шешімдерді енгізу және қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша жұмыстар жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді.