Ақтауда "AMANAT" партиясының ұйымдастыруымен ұлттық өнердің өткені мен бүгінгі заманауи дәстүрлерін ұштастырған "Құрақ пен шашақ үндестігі" фестивалі басталды. Дүбірлі шараға Қазақстанның жеті өңірінен келген делегациялар қатысуда.
Фестивальдің ауқымы кең. Ақтау төріне Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда және Маңғыстау облыстарынан 24 шебер жиналды. Жоба ұлттық өнердің байырғы және қазіргі үрдістерін біріктіріп, мәдени мұраны дәріптейді.
ПАНИЯ САРМУРЗИНА, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Бұған дейін фестиваль «Сән Құрақ Fest» деген атаумен өтіп келді. Басты мақсатымыз — қыз-келіншектерді халықтық қолөнерге баулу. Ұлттық қолөнер түрлерін қайта жаңғыртып, оны ұрпақтан ұрпаққа аманаттауға өз үлесімізді қосудамыз. Екі күндік байқауға 13 ересек шебер мен 11 жасөспірім қатысады. Фестиваль 2018 жылы негізделіп, содан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Қолөнершілердің арасында негізгі мамандығы бөлек жандар да бар. Мәселен, бірі күндіз медбике болып қызмет етсе, бос уақытында төл өнерімізді серік еткен.
БОЛАР ДОСАНОВА, ҚОЛӨНЕРШІ:
Мен бүгін құрақ көрпелерімді ала келдім. Барлығын қазақтың байырғы салт-дәстүрімен жасаймын. Бүгін көптеген облыстардан шеберлердің басы қосылғаны өте жақсы болды. Бір-біріміздің жұмыстарымызды көріп, жаңа идеялар түйдік, таныстық. Өте тамаша іс-шара.
Көрменің мақсаты - ұлттық өнерді заман талабына сай дәріптеп, мәдени мұраны кеңінен насихаттау. Фестиваль ұлттық құндылықтарды нығайту мен дәстүрлі өнерді жаңғыртуға бағытталған маңызды мәдени алаңға айналып отыр.