Павлодарда жастар қарттарға көмектесті. Тамара Кузьминаның жолдасы дүние салғалы өздігінен жүріп-тұруы қиындаған. Үй шаруасына шамасы жетпейтін жалғызбасты анаға «AMANAT» партиясының жастары көмекке келді. «Таза бейсенбі» акциясы аясында еріктілер Тамара әжейдің ауласын қоқыстан тазартып, отынын жарып, қысқы дайындықтарына жәрдемдесті.
НҰРБОЛ МҰХИТОВ, “AMANAT” ПАРТИЯСЫ АҚТОҒАЙ АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:
“AMANAT” партиясының «Таза бейсенбі» акциясы аясында «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы шеңберінде волентерлермен бірлесіп,Ақтоғай ауданының жалғызбасты қарияларына үй-жайларын тазарту, қыстан қалған қоқыстарды тазарту жүргізіп жатырмыз. Бұл тек тазалық акциясы ғана емес, ардагерлерге қарияларға құрмет көрсету. Сонымен қатар бұл бір күндік акция емес. Жүйелі түрде өткізіліп отырған іс-шаралар.
ТАМАРА КУЗЬМИНА, АҚТОҒАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Осындай қиын сәтте қол ұшын созған жастарға алғысым шексіз. Ауланы тазалап, ағаш жарып, жинап берді. Жастарға зор денсаулық тілеймін. Көп рахмет!
Игі іс Алматы облысында да жалғасын тапты. Мұнда 150-ден астам ерікті мен «Жастар Рухының» белсенділері Іле өзенінің бойына жиналды. «Көшпенділер қаласы» мен «Таңбалы тас» шатқалының маңында өткен экологиялық іс-шара барысында 9 тоннадан астам қоқыс полигонға шығарылды. Белсенділер тек қалдықтарды жинап қоймай, жартастарға жазылған бей-берекет жазуларды өшіруге де күш салды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, демалушылардың мәдениеті әлі де көңіл көншітпейді. Жағалаудағы пластик бөтелкелер, шыны сынықтары мен тұрмыстық қалдықтар табиғаттың көркін бұзып тұр.
ӘДІЛЕТ АЙТҚАЗЫ, «ЖАСТАР РУХЫ» ЖҚ АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
4000-нан астам туристтер келеді күніне. Соның аясында біз таза ортаны сақтау үшін, жастармен бірге тазалық жұмыстарына келдік. Былтырғы жылдың өзінде 30 тоннаға жуық қоқыс шығарған болатынбыз. Бүгін де осы қарқынменен табиғатымызды қорғауға табиғатымызды таза ұстауға өз үлесімізді қосатын боламыз.