Қорғаныс министрлігі әскерге шақыру тәртібін түсіндірді

Фото: Қорғаныс министрлігі

Қазақстанда әрбір әскерге шақыру науқаны бірнеше кезеңнен тұрады. Оған шақырту қағазын алу, медициналық тексеруден өту және кейінге қалдыру мүмкіндіктерін қарастыру кіреді.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, шақырту қағазы – азаматты жергілікті әскери басқару органына шақыратын ресми құжат. Ол әскерге шақыру үдерісінің басталуын білдіреді және оны орындау заң талаптарына сәйкес міндетті.

- Шақырту бірнеше тәсілмен беріледі. Құжатты азаматқа қол қойдыру арқылы жеке тапсыруға, жұмыс беруші немесе оқу орны арқылы жеткізуге болады. Сонымен қатар eGov.kz порталының жеке кабинеті, eGov Mobile қосымшасы және SMS хабарлама арқылы жіберу тәртібі де енгізілген. Бұл норма 2025 жылдан бастап заңды күшіне енді. Құжатта келу күні, уақыты және мекенжайы көрсетіледі. Белгіленген уақытта дәлелді себепсіз келмеген жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылады. Ал шақыртудан жүйелі түрде жалтару қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін, - делінген ақпаратта.

Шақырту алған азамат ең алдымен құжаттағы деректердің дұрыстығын тексеруі тиіс. Атап айтқанда, аты-жөні, мекенжайы, келу күні және шақыру мақсаты нақты көрсетілуі қажет.

Сонымен қатар алдын ала қажетті құжаттарды дайындау ұсынылады. Олардың қатарына жеке куәлік, тіркеу куәлігі (бар болса), білім туралы құжаттар немесе оқу орнынан анықтама, медициналық қорытындылар және кейінге қалдыруға негіз болатын құжаттар кіреді.

Егер азамат белгіленген уақытта келе алмаса, ол жергілікті әскери басқару органын алдын ала хабардар етіп, себебін растайтын құжат ұсынуы қажет. Мысалы, сырқаттанған жағдайда медициналық анықтама, ал оқу немесе жұмысқа байланысты болса тиісті құжаттар талап етіледі.