Талапкерлер ҰБТ-ны енді бір рет қана тапсырады

  • AstanaTV
  • 17 сәуір 2026

Талапкерлер Ұлттық бірыңғай тесті енді бір рет қана тапсырады. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді. Оның айтуынша, тестілеуді бірнеше рет тапсыру абитуриенттерді сапалы іріктеу мәселесін толық шеше алмайды. Сонымен қатар жоғары оқу орындарына Foundation бағдарламалары арқылы шартты қабылдау тәжірибесінен бас тарту жоспарланып отыр. Себебі мұндай жүйемен қабылданған студенттердің едәуір бөлігі оқу барысында қажетті шекті баллды жинай алмайды. Талапкерлерді іріктеу жүйесіне де, әсіресе педагогикалық мамандықтарға қабылдауға жаңа тәсілдер енгізілмек. Атап айтқанда, тестілеумен қатар арнайы емтихандарды қамтитын гибридті бағалау формасы қолданылады. 

АИДА БАЛАЕВА ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ:

Келесі жылдан бастап педагогикалық мамандықтарға түсу кезінде ҰБТ-мен қатар ауызша емтихандардың нәтижелері де ескерілмек. Бұл емтихандарда талапкерлердің сыни ойлау қабілеті мен коммуникациялық дағдылары негізгі критерий болады. Сондай-ақ бұл мәселеде халықаралық сарапшылармен бірлесіп әзірленіп жатқан жаңа Admissions Insight Test тапсырмаларына ерекше мән беріледі.